Қос алқапты қамтитын білім ордасы

0 167

Мектеп тапшылығын жойып, балаларды сапалы біліммен қамтамасыз ету мәселесі де қашанда өзекті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында 5 жылдың ішінде ел бойынша 1000 мектеп салуды міндеттеген болатын.

– Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025  жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін.  Мектептерді бюджет қаржысына салумен қатар, осы өзекті мәселені шешуге жеке секторды да тартқан жөн,  – деген Президент толық білім беретін ауыл мектептерін оқушы санына қарай қаржыландыруға біртіндеп көшіру қажеттігін қадап айтты.

Тәуелсіздік  жылдарында апатты, үш ауысымды оқу ордаларын азайту мәселесі күн тәртібінен бір сәтте түскен емес. ҚР Тұңғыш Президенті–Елбасының да Жолдауларында бұл үнемі айқын көрініс тапты. Осы мақсатта қыруар жұмыс атқарылып, жер-жерде еңселі білім ордалары ел игілігіне берілді. Олардың материалдық-техникалық базасына да ерекше назар аударылып, шалғай елдімекендерде орналасқан мектептердің өзі заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Соның нәтижесінде көптеген өрендеріміз халықаралық білім бәйгелерінде топ жарып, мерейлері үстем болуда. Барлық жағдай жасалған оқу ордасынан озат оқушылардың шығуы заңдылық. Осыны жете түсінген еліміз әрдайым бұған ерекше екпін түсіріп келеді.

Бұл бағытта облыс орталығында да ілкімді істер қолға алынуда. Бұған «Шалғай Қарасу» алқабында жаңадан бой көтеріп жатқан білім ордасын көргенде көзіміз жетті. Жобаға сәйкес сыйымдылығы 600 орынға шақталған білім беру ордасының жалпы сметалық құны 2 237 807 мың теңгені құрап отыр. Облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен салынып жатқан оқу ошағының  бас мердігері  – «Темір-Строй Сервис и КО» ЖШС-і.

Өткен жылдың мамыр айында басталған құрылыс жұмыстары биыл желтоқсан айында аяқталады деп жоспарлануда.  Жаңа мектеп қолданысқа берілсе «шалғай қарасулықтар» ғана емес «Шаңырақ» алқабының тұрғындарының да қуанатын күні жақын. Өйткені, аталған білім ордасы «шаңырақтық» балғындарды да қамтымақ. Осылайша таяуда қос алқаптың балалары даңғарадай, жарық ғимаратта білім нәрімен сусындамақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.