Ауылдағылар енді таза ауыз су ішеді

0 162

Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мақсатты бағдарламалардың бірі – елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту. Қай кезде болмасын ауыз судың сапалы болуы маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан өзінің биыл халқына арнаған Жолдауында: «БҰҰ алдағы 10 жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ресурсының тапшылығы болады деп болжам жасап отыр. 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40% жетуі мүмкін. Сондықтан жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл аса маңызды міндет. Үкімет су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдер әзірлеуге тиіс. Су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 каналды қайта жаңғыртуға кірісеміз. Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасы салынады. Бұл – ауқымды жоба. Бірақ, біздің қолымызда қажетті ресурстың бәрі бар», – деп өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында 5 жыл ішінде халықтың 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осыған орай 2025 жылға дейін 87 ауылдық елдімекен таза ауыз сумен қамтылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, бір қала мен 39 ауылдық елді мекеннің ескі су беру жүйесі қайта жөндеуден өтіп, ауыз судың сапасы артады. Өз кезегінде, бұл 286,7 мың тұрғынды қамтымақ. Бұдан бөлек, Президент тапсырмасына орай алдағы бес жылда жаңадан 1469 шақырым құбыр желілері салынады және 1724 шақырымы қайта жаңартылып, қажетті жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде.

Бұл бағытта бүгінде Байзақ ауданында ілкімді істер қолға алынуда. Айталық, жуырда Ботамойнақ ауылдық округінде су қабылдау ғимараттары мен су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, жергілікті халықтың игілігіне ұсынылды.

Кез келген өңір үшін халықты таза сапалы ауыз сумен қамту – басты міндеттердің біріне айналғаны белгілі  Тұрғындар денсаулығының мықты болуы да таза ауыз судың сапасына байланысты. Қазіргі таңда Байзақ ауданында 43 елді мекеннің 56 пайызы таза ауыз сумен қамтылса, жыл басынан бері 7 елді мекенде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жалпы, Байзақ ауылы бойынша су құбыры желісінің ұзындығы 31 шақырымды құраса, оған 1021 ауладағы бес мыңнан астам тұрғындар таза ауыз сумен қамтылатын болады. Жергілікті тұрғындар арасынан «Байзақ Су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны арқылы 3 машинист және 1 бақылаушы тұрақты жұмысқа қабылданған.

Әрине, су – бар берекенің бастауы. Бұл Байзақтық тұрғындар үшін жағымды жаңалық болғаны анық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.