Мекемеге жаңа ғимарат берілді

0 258

Үшарал ауылындағы ветеринарлық пункті бұған дейін округ әкімі аппаратының бір бөлмесінде орналасқан болатын. Қызмет орнының тарлығы өтініш-тілекпен келген жергілікті тұрғындарды қабылдауға қолайсыз әрі еркін жұмыс жасауға кері әсерін тигізетін. Ауылдан қанаттанған кең жүректі азаматтардың қолдауының арқасында бұл мәселе шешімін тапты. Қайырымды ісімен ел ықыласына бөленіп жүрген кәсіпкер, «Үшарал-құрылыс» ЖШС-нің директоры Елдос Нақыпов өз қаражаты есебінен ветеринарлық пунктін соғып беруді міндетіне алған екен. 7 млн. теңгеге бой көтерген ғимарат өткен аптада пайдалануға берілді.

Көптің тілегімен көтерілген ғимаратта ветеринарлық пунктің меңгерушісіне және мамандарға арналған бөлмелер қарастырылған. Айналасына брусчатка төселіп, көгалдандырылған ветпунктің жанынан мал емдейтін орын да соғылған.

Ауыл тұрғындарының қуанышын еселеген мекеменің лентасын ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Джүсіпов және «Талас аудандық ветеринария станциясы» КМК-ның директоры Жарқын Қалмаханов қиды.

Жаңадан бой көтерген нысан мекеме қызметкерлерінің жұмыс жасау мүмкіндігін арттырып қана қойған жоқ, көшенің де көркін келтіріп тұр.

— Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес. Биылғы халыққа арнаған Жолдауында осылай деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған сала қызметін жетілдіруді тапсырған болатын. Мемлекет тарапынан Ветеринария саласына үлкен мән беріліп отыр. Мұның алдында ауылдық округі әкімі аппаратының бір бөлмесінде қызмет көрсеттік. Қазір өз алдына дербес ғимаратқа шықтық. Бұл орайда қаржылай демеушілік танытқан Елдос Наурызбайұлына рахмет,-дейді Үшарал ауылдық ветеринарлық пунктің меңгерушісі Ә.Жамал.

Leave A Reply

Your email address will not be published.