Суға тапшылық азайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауында 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін екенін тілге тиек етіп, салада жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз қажетігін айтты.
«Үкімет су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдер әзірлеуге тиіс. Су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 каналды қайта жаңғыртуға кірісеміз. Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасы салынады. Бұл – ауқымды жоба. Бірақ, біздің қолымызда қажетті ресурстың бәрі бар» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бірқатар міндеттерді жүктеді.
Жолдау жүктеген міндеттер аясында аграрлы аймақ Жамбыл облысында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен өңірде су шаруашылығы саласында цифрландыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Каналдарда судың деңгейін бақылау мақсатында арнайы өлшеуші қондырғылар орнатылған. Бұл су жүйелерін автоматты түрде онлайн режимде басқаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ аймақта үш су қоймасын салу жоспарлануда. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жамбыл облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаев қаржы мәселесі шешілсе Қордай ауданында сыйымдылығы 15,222 миллион текше метр болатын «Ырғайты», сыйымдылығы 14,6 миллион текше метрді құрайтын «Қалғұты» су қоймасын және Байзақ ауданында 11,107 миллион текше метр су сиятын «Ақмола» су қоймасы салынатын айтады.
– Үш су қоймасының жалпы құны 14,9 миллиард теңгеге тең. Жаңа су қоймалары вегетация кезінде көрші мемлекетке ағын суға тәуелділікті азайтып, облыс аумағындағы 34,5 мың гектар суармалы алқапты суландыруға мүмкіндік береді, – дейді Қазыбек Бедебаев.
Ал облыс әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, 2022 жылдың өніміне суармалы дақылдарды 179,8 мың гектарға егілу жоспарлануда. Аталған суармалы алқапқа тиісті нормативтерге сәйкес қажетті су көлемі есептеліп, жалпы 2022 жылдың вегетациялық кезеніне 1 миллиард 310 миллион текше метр суармалы суды қажет етеді екен.
– «Қазсушар» мекемесінің мәліметіне сәйкес 1 миллиард 310 миллион текше метр суды егістік жерге жеткізу кезінде өзендегі су шығыны 39,5 миллион текше метр және тасымалдау кезіндегі су шығыны 317 миллион текше метрді құрайды. Жалпы су шығындарын қоса есептегенде 1 миллиард 673 миллион текше метрді қажет етеді, – облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов.