Рухани жаңғыру – баршаға ортақ
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы – Нұұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек.
ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында.
Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады.
Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», – деген еді.
Жақында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын қолдау мақсатында Мойынқұм аудандық білім бөліміне қарасты «Аула клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің үлкен залында «Рухани жаңғыру – Тәуелсіз жастарға жарқын жол» атты тақырыпта ауқымды іс-шара өтті.
Қазақстан Республикасының жаңа оқу жылында оқушылардың бойына отаншылдық қасиетті сіңіру, ата-бабамыздың ақ білектің күші, ақ найзасының ұшымен қызғыштай қорып, батырларымыздың азаттық жолында жанын құрбан еткен қанымен келген тәуелсіздігімізді құрметтеу, Қазақстанның келешегі үшін аянбай еңбек етуге шақыру мақсат етілген шарада жастар өздеріне қажетті мол мағлұматқа қанықты.
Рухани жаңғыру қазаққа да өзге ұлт өкіліне де, оның ішінде жастар мен жеткіншектерге ортақ дүние. Ұлттың, елдің болмысына тән және халыққа ортақ ұғым, ортақ ұстаным болмаса бәрі бекершілік. Рухани жаңғыру жолы адамды үлкен-кіші немесе қазақ-қазақ емес деп бөлмейді. Мемлекет басшысы мақалада атап көрсеткендей ұлттық сана, жаңару рухани коддан бастау алады және ұлттық кодымыз оның берік тірегі. Біз осыны жастардың санасына құюды назардан тыс қалдырған емеспіз. Ал осы жолғы іс-шара тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып отыр, – дейді аталған аула клубының басшысы Ж.Әлханов.
Аталған жиында мұғалімдер өз ой пікірлерімен бөлісті. Шарада жас мамандардың түрлі идеасымен ойластырылған ой- талас, тәжірбие алмасу, тәуелсіз мемлекеттегі жастарды тәрбиелеу сынды түрлі пікіралмасу кезеңдері жүргізілді. Көп тарапынан қолдау тапқан бұл шара қызықты, әрі болашақ жастарға мәнді боларлықтай дәрежеде өткізілді. Соңында мекеме басшысы тарапынан марапаттар ұсынылды.