Бейбіт күннің батыры

0 318

Өткен жылы коронавирус індеті бүкіл елді дүрліктірген сәттен бастап көптеген жандар күдік пен күмәннің арасында өмір сүріп, әуре-сарсаңға түскен жайы бар. Ауруханаларда орын тапшы болып, дәріханаларда дәрілердің азайғаны да көңілді көншітпеді. Санасы сергелдеңге түскен біршама адамды үрей билей бастады. Міне, осындай жауапты кезеңде жанын салып, аянбай қызмет еткен медицина қызметкерлерін айтпасқа болмайды. Күн-түн демей, ауру белгілері байқалған жандардың сауығып кетуіне барын салды. Осы бір ақ халатты абзал жандармен бірге Қанат Копабаев та індеттің өршуіне қарсы тұрған.
Қанат Айтқұлұлының негізгі мамандығы электрик. Сонымен қатар, аудандық орталық ауруханада емделіп жатқан жандарды оттегі баллондарымен қамтамасыз етеді. Қос қызметті қатар алып жүрген нағыз әмбебап маман. Ауданымызда коронавирус белгісі алғаш байқалған мамыр айынан бастап Қанат Айтқұлұлының жұмысы да қауырт болып, қиындай түсті. Себебі, осыған дейін ол күніне шамамен 4-5 оттегі баллондарын орнататын болса, індет өршіп тұрған шақта бұл жұмысы бұдан 2-3 есе қиындай түсті. Індет белгілері байқалған жандардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында ол жанын салып жұмыс істеген. Тынысы тарылған, өкпесі қабынған жандарға қол ұшын созып, оттегімен қамтамасыз етті. Бұл нағыз ерлікпен пара-пар. Сондай-ақ, Қанат Копабаев аудандық орталық ауруханада оттегі баллондарын орналастыратын жалғыз маман. Осы бір жағдайға қарап, Қанат Айтқұлұлының жан-жақты әрі жауапты маман екендігіне көзіміз жетеді. Оның талай жанның өмірін сақтап қалғанын ауыз толтырып айтуға болады. Міне, осындай жүйелі әрі тыңғылықты жұмыстың еленуі керек екені де екібастан. «Кез келген адамның өмірі мен денсаулығы ең бірінші орында. Осындай сын сағатта халыққа көмектесу – басты парызы» деп білетін Қанат Айтқұлұлы «COVID-19» індеті кезінде жанқиярлық ерлік пен қайырымдылық көрсеткені үшін, «Aq jol» демократиялық партиясының Президиумы атынан марапатталды. Бұл, әрине, қажырлы қайраттың нәтижесі.

Ахмет ҚАМШЫБЕК

Leave A Reply

Your email address will not be published.