Білім саласына тың серпін

0 218

Жыл сайын Қазақстан жұртшылығы Мемлекет басшысының Жолдауынан жылы леп, жақсы хабар күтетіні анық. Биыл да ата заң айшықтап берген құзірет шегінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар-ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.
Білім күніне тоқайластырып жарияланған Жолдауда жұрт қуанатын жаңалықтар көп. Оны көзі қарақты қауым мұқият оқып, көріп, танысты.
Талқылап, талдап, түсіндіруді қажет етпейтін құжатта ҚР Президенті пандемиядан кейінгі экономикалық даму, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру, сапалы білім беру, өңірлік саясатты жетілдіру, еңбек нарығындағы тиімді экожүйе қалыптастыру, саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау, ұлттың ұйысуы, одан әрі дамудың басты факторы сынды мәселелерге тоқталып, баршаға ортақ жағдайды түзеу үшін 5 бастама көтерді.
Әрбірі өзекті. Әрқайсысы шешімін жедел табуы тиіс мәселелер. Соның ішінде тоқталғым келетіні, сапалы білім беру жүйесі. Биылғы қаңтар айында Президент пәрменімен педагогика саласының қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көтерілді. Бұл оқу ісімен айналысып жүрген ардақты жандарға серпін сыйлап, сенімдерін арттырды. Биылғы Жолдауда осы мақсатта тағы да 1,2 триллион теңге жұмсалатынын айтып, ұстаздарды қолдау саясаты жалғасатынын жеткізді.
Білім бәйгелерінде оза шауып, өз дарынымен дараланып жүрген оқушыларға яғни халықаралық пән олимпиадалырының жеңімпаздарына ЖОО түсу үшін конкурстан тыс гранттар мен бір реттік қаржылай сыйақы төлеуді, оларды даярлаған ұстаздарды ұмытпай, материалдық ынталандыруды тапсырғаны көпшілік көңілін қуантты. Көп кешікпей білім және ғылым министрлігі сыйақының қаржылай көлемін анықтап, жариялады.
Біз үлкен аманат жүгін арқалаған жандар ретінде Жолдауға қолдау білдіреміз. Оны оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, ерте жастан мамандыққа бейімдеу арқылы қуаттаймыз. Жолдауда ұстаздар қауымына жүктелген міндеттерді айқын сезінеміз. Сенім үдесінен шығуға уәде береміз.

Г.УАЛИЕВА,
М.Мәметова атындағы орта мектептің мұғалімі.
Бәйдібек ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.