Әлеуметке пайдалы әлеуметтік карта
Қазіргі кезде қазақстандық поштаны көп функционалды қаржылық супермаркетке айналдыру үрдісі жедел іске асырылуда. Мұнда жақын арада пошталық, қаржылық және басқа да қызметтер көрсетіледі. Қазақстан сияқты үлкен мемлекетте ақпараттық қоғамның дамуы жағдайында әмбебап логистикалық операторының қызметінсіз мүмкін емес.
Бұл жөнінде Шу аудандық пошта торабының бастығы Срайылова Анархан Тайбағарқызы сұхбаттасу барысында айтып өтті.
— Анархан Тайбағарқызы, өткен жылы “Қазпошта” АҚ “Қазақстан азаматының әлеуметтік картасы” жобасын іске қосқан болатын. Сол туралы нақтырақ айтып өтсеңіз.
— Әлеуметтік карта — “Қазпошта” АҚ-ның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп іске асырған Қазақстандағы алғашқы сәтті жобасы. «Қазақстан азаматының әлеуметтік картасы» бірлескен жобасы аясында 2020 жылдың 14 желтоқсанында «Қазпошта» АҚ мен Жамбыл облысы әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға, сондай -ақ жол картасына қол қойылды. «Қазпошта» АҚ әлеуметтік картасының өңірлерге байланысты төлем, көлік, жеңілдік тәрізді функционалдары бар. Оның арқасында жалақыны, зейнетақыны, жәрдемақыны және шәкіртақыны алып, қоғамдық көліктің ақысын төлеуге мүмкіндік бар. Кейбір өңірлерде оқушылар әлеуметтік карталардың көмегімен білім ордасына кіреді және мектеп асханасында төлем жасай алады. Сонымен бірге оларға балалар тарифі бойынша қоғамдық көлікте жүру мүмкіндігі қарастырылған. Әлеуметтік карталардың иелері post.kz сайтында жеңілдік рецептісі бойынша жазылып берілген және алынған дәрілерді қарай алады. Сонымен бірге жұмсалған ақшаның бір бөлігін қайтарып алу мүмкіндігі бар. Дәріханаларда, дүкендерде, сауда орталықтарында әлеуметтік карта арқылы жасалған төлемдер үшін кэшбэк қарастырылған. Әлеуметтік картаны кез келген қазақстандық тұрғын қолдана алады. Оны шығаруға рost.kz арқылы онлайн өтінім жолдау қажет немесе «Қазпошта» АҚ-ның кез келген бөлімшесіне жүгінуге болады.
— Картаны жасау кезінде басқа елдердің тәжірибесі ескерілді ме? Қанша қазақстандық әлеуметтік картаның игілігін көруде?
— «Қазақстан азаматының әлеуметтік картасы» өзге мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып жасалды. Біздікіне ұқсас карталарды Ресейде, сондай-ақ Татарстанда қолданады, алайда қазақстандық әлеуметтік картаның аналогтары ТМД елдерінде әзірше жоқ деуге болады. Қазақстанда әлеуметтік картаны қолданушылар қатары еліміздегі барлық өңірлерді есептегенде 280 мың тұрғынға жуық. Жаңа қызметті қолданушылар қатары күн санап артып келеді. -Анархан Тайбағарқызы, әлеуметтік картаға қалай тапсырыс беруге болады?
— Тапсырыс беру өте оңай әрі жылдам. Әр азамат әлеуметтік картаны post.kz сайты арқылы онлайн тапсырыс беру арқылы немесе кез келген “Қазпошта” АҚ бөлімшесінде рәсімдей алады. — Жаңашылдықты жүзеге асыру дәстүрлі қызмет көрсетуге кедергі келтірмей ме, мәселен, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға?
— «Қазпошта» АҚ шарттарына сәйкес міндетті санатқа жататын азаматтарға, яғни І топ мүгедектеріне, ҰОС ардагерлеріне, 80 жастан асқан азаматтарға зейнетақыны үйге жеткізу қызметі қарастырылған. Жеткізуді ұйымдастыру үшін жақын жердегі пошта бөлімшесіне хабарласу қажет.
— Әлеуметтік карта қызметі қанша тұрады?
— Қызмет көрсету бірінші жылға тегін. Кейінгі жылдан бастап зейнеткерлер мен жеңілдік санатындағы азаматтар үшін қызмет құны жылына небәрі-300 теңге болады, ал балалар тарифі — 500 теңге, стандартты тариф — 800 теңге.
— Сұхбатыңызға рахмет!