Тіл — мемлекеттің айнасы

0 720

Бүгінгідей ел болып еңсе көтерген тұста ана тіліміздің қадірі мен қасиетін арттырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру әрі ұлтаралық қатынасты нығайту мақсатында ҚР Тұңғыш Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы Жарлығына сәйкес Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі бекітілген болатын.

Бұл мереке бастапқыда қыркүйек айының үшінші жексенбісінде аталып өтетін, кейін ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» №689 қаулысына сәйкес Қазақстан халқы тілдері күні 5 қыркүйек болып бекітілді. Айта кету керек, Тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуінің де өзіндік себебі бар. Бұл күн — «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы — тіл» деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.
ҚР Президенті Қасым Жомарт Тоқаев «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деген болатын. Биліктің сөзін жанымен сезінген біздің ауданда тіл мәселесі төңірегінде тірліктер тындырылып жүр. Тәуелсіздік пен тіл егіз ұғым болғандықтан мерейлі жылда мемлекеттік тілдің мәртебесін асыруды басты мақсатымыз деп санаған жөн. Осы орайда өткен аптаның жұмасында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде мерекелік іс-шара өтті. Мерекелік шараның басты мақсаты — әртүрлі ұлт өкілдерінің арасындағы достықты нығайту, егемен елімізде өмір сүріп жатқан ұлт өкілдерін мемлекеттік тілді құрметтеуге шақыру.
«Ахмет Байтұрсынов және Мәңгілік ел — мәңгілік тіл» атты әдеби кешке аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсел Жазықбаева, күрд этномәдени бірлестігінің жетекшісі Ф.Гасанова, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері қатысты. Мерейлі мерекені аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Бағдагүл Алжанбаева салтанатты түрде ашып, мән-мағынасын түсіндірді.

-Тіл — мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Тіл қай елде, ұлтта болсын қастерлі, қасиетті, құдіретті. Туған тілдің абыройын асқақтату әрбір азаматтың қасиетті борышы. Тіл мерекесін тойлау арқылы елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрлерін насихаттауға, ұлттар мен ұлыстардың арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосамыз,-деді өз сөзінде Бағдагүл Дәулетқанқызы.
Елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату–тәтті күн кешуде. Достық пен татулықты ту еткен Шу өңірінде де «Тілі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір» бірнеше этнос өкілдері мекен етеді. Тіпті біздің ана тілімізде сөйлеп, қазақ халқымен қоян-қолтық араласып, тұрмыс кешуде. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде» деген сөзінің мәні құндылығын жойған емес.
Мерекелік кеште мектеп оқушылары әртүрлі авторлардың өлең-жырларын мемлекеттік тілде нақышына келтіре мәнерлеп айтып шықты. Сондай-ақ, мемлекеттік тілдің мәнін жете түсіндіретін кішігірім қойылымдарын көрсетті.
-Міне, осыншама ұлт пен ұлыстың тілін тауып, бірлік пен ынтымақта ұстап отырған еліміз ұлтаралық татулық пен бірлікті басым саясатының бірі ретінде ұзақ жылдардан бері ұстанып келеді. Мұның барлығы Елбасымыз бен Президентіміздің көреген саясатының арқасында. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» демекші, әр азамат өз тілімен қоса өсіп-өркендеп отырған елінің де тілін құрметтеуі қажет,-деді күрд этномәдени бірлестігінің жетекшісі Ф.Гасанова.
Атап өту керек, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қызметкерлерінің еңбегінің нәтижесінде әдеби кеш әсерлі өтті. Мереке соңында Ә.Жазықбаева балсенді қатысушыларға Алғыс хат үлестірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.