Үш отбасы үйлі болды

0 277

Адамға жақсылық жасау, қайырымдылық көрсету – халқымыздың ежелден келе жатқан мақтан тұтарлық игі дәстүрлерінің бірі. Соның арасында көпшілікке «асар» дәстүрі жақсы таныс. Қазақилықтың түп-тамырымен терең байланысқан бұл дәстүрдің ерекшелігі сол, адамдар бірлесіп үй салып, басқа да игі мақсатта бір-біріне көмектесу арқылы ынтымақ пен бірлігін жарастырады. Бұрындары игі дәстүр тек белгілі бір елді мекенді, сол жерде өмір сүретін ағайын, дос, жақынды қамтыса, қазіргі заманда «асар» әдісінің өрісі кеңейіп, отандастарымыз қалың ел болып сауапты іске атсалысып келеді.
Бұл айтылғанға дәлел ретінде еліміздегі түрлі қайырымдылық қорлардың жұмысын айтуға болады. Осындай қорлардың жұмысының арқасында қаншама қандастарымыз үйлі болып, қоныс тойын тойлауда. Жақында көптің көмегімен Қордай ауданында үш отбасы баспаналы болды.
Соңғы уақытта Алматы қаласының «Асар уме» қайырымдылық қоры халық арасында танымал болып келеді. Көмекке мұқтаж, баспанасыз жандардың асқақ арманын іске асырып келе жатқан қайырымдылық қорының өкілдеріне деген алғыс бүкіл Қазақ елінен келуде. Таяуда «Асар уме» Әлжан ана ауылынан Шохыбаевтар отбасына 6 миллион теңгеге 7 бөлмелі үй алып берді. Оларға үйдің кілтін аталмыш қордың Қордай ауданындағы өкілі Бақыт Асубаев табыстап, жатын бөлме жиһаздарын, газ плитасы және кір жуу машинасын да қордың атынан тарту етті. Қ.Абдуллин көшесінде орналасқан үйдің 26 сотық жері, қора-жайы бар. Айта кетсек, ерлі-зайыпты Қайсар мен Балнұр Шохыбаевтар 8 бала тәрбиелеуде.
Құрылғанына көп уақыт болмаған Түркістан облысының «Мұғжиза» қайырымдылық қоры Қордай ауданынан бірден екі отбасыға үй алып беріп, жерлестеріміздің алғысына бөленді. Алғашқы үйдің кілті Қордай ауылында 6 баланың анасы, жалғыз басты Дамира Жұмабаеваға табысталды. Аудан орталығындағы Н.Сауранбаев көшесінде орналасқан 5 бөлмелі үй 10 миллион теңгеге сатып алынды. Үй толықтай қажетті жиһазымен жабдықталған, бір сөзбен айтқанда қолайлы өмір сүруге барлық жағдай қарастырылған.
Ал, аталмыш қор тарапынан келесі кезекте Үлкен Сұлутөр ауылынан 1 миллион теңгеге Марина Архиповаға 3 бөлмелі үй сатып алынды. 49 жастағы Марина зағип, мүгедек, екі бала тәрбиелеп отыр. Баспаналы болғандар «Мұғжиза» қайырымдылық қорының өкілдеріне және де осы істің басы-қасында жүрген Бақыт Асубаевқа алғысын айтып, ізгі тілектерін жеткізді.
«Көп түкірсе, көл болар» демекші, ортақ іске жүз теңге болсын қаражатын берген қазақстандықтардың көмегімен үш отбасының асқақ арманы орындалды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.