Жастар – қоғамның қозғаушы күші

0 609

Биылғы жыл – еліміз үшін ерекше жыл. Қас-қағым уақыт тәрізді, тәу еткен Тәуелсіздігімізге – 30 жыл, Желтоқсан оқиғасына – 35 жыл. Қазаққа Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Азаттық жолындағы айқаста – ызғарлы Желтоқсанда империя бодандығына қарсы бұлқынған намысшыл жастардың да ізі бар.

Тәуелсіздік алғалы еліміз биік белестерді бағындырып, қарыштап дамып келеді. 30 жыл ішінде Қазақстан әлемнің дамыған 50 елінің қатарына қосылды. Айтулы тарихи кезеңнің маңызды жетістіктерінің бірі – қазақстандықтардың жаңа буыны қалыптасты. Тәуелсіздік ұрпақтары – белсенді, білімді, жан-жақты және олардың патриоттық рухы жоғары. Олар – еліміздің басты байлығы, бүгіні мен ертеңі.

Тәуелсіздік алған сәттен бастап мемлекетіміз өскелең ұрпақты қоғамның маңызды стра­тегия­лық ресурсы ретінде танып, жастарымыздың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Азаттық таңы атқан 1991 жылы мемлекеттік жастар ісі жөніндегі комитет құрылды, 2004 жылы жастарды мемлекеттік тұрғыдан қолдау бағыттары мен механизмдерін, олардың әлеуметтік және саяси тұрғыдан қорғалуын анықтаған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңы қабылданды. 2015 жылы ел дамуының қазіргі кезеңгі шындығымен санасқан «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» жаңа Заңның қабылдануы маңызды қадам болды. Мемлекеттік жастар саясаты көбіне еліміздің сәтті дамуына негіз болды және жастардың лайықты буынын қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Тәуелсіздіктің арқасында іргеміз бүтінделіп, еңсеміз көтерілді, енді әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына ену міндеттері шешіле бастады. Заманға сай даму үшін жаңа технологияларды игерген, жаңаша ойлайтын білімді, ғылымды игерген мамандар дайындау үшін мемлекет тарапынан ел жастарының әлемдік деңгейде білім алуына қажетті жағдай жасалды.

Мемлекет тарапынан тиімді жастар бағдарламалары мен жобалары әзірленіп, жүзеге асыруға көп көңіл бөлінді. Жастардың жан-жақты интеллектуалдылығын, кәсіби тұрғыдан шыңдалуын және денсаулығын жақсартып, өмірден өз орнын табуы үшін, әлеуметтік-экономикалық бейімделуіне, қоғам өміріне белсенді қатысуына ықпал ету мақсатында мемлекетіміздің бастамасымен және қолдауымен «Болашақ», «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға!», «Жастар тәжірибесі», «Жас отбасы», «Серпін-2050» жобалары жүзеге асырылды.

Жамбыл ауданында Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бойынша жұмыс жүргізетін аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінде директор, директордың орынбасары, бас есепші, 4 бөлім басшысы, 4 аула клуб жетекшісі, 22 жастар ісі жөніндегі кеңесші, 1 оператор, 1 тілші, 13 шаруашылық ісі жөніндегі қызметкер жұмыс істейді. Мекеме ғимаратының сәулетіне дәулеті сай.

Жастар орталығы түрлі мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде ұйымдастырылған іс-шараларға белсене қатысып, тек алдыңғы қатардан көрінді. Жетістіктеріміз өз алдына бір төбе. Соның бірқатарына тоқталсақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында «Салт-дәстүрім – таусылмайтын байлығым!» атты ұлттық ойын түрлерінен өткізілген облыстық жарыста арқан тарту бәсекесінде ІІ орынды, халық әндерін орындау байқауында ІІІ орынды иемденді. Мойынқұмда ұлттық спорт түрлерінен өткізілген «Ұлттық ойын – халық мұрасы» атты облыстық спартакиадада ІІІ орын алды.

Тараз қаласында өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне арналған Еңбек жастарының арасындағы «Жастар – нашақорлыққа қарсы!» атты облыстық спартакиадада жалпыкомандалық есепте ІІІ орынға ие болды. Ұлы Отан соғысының ардагері Жылқыбай Сергеевтің 100 жылдығына арналған кіші футбол турнирінде жеңімпаз атанса, Байзақ ауданына 80 жыл толуына орай «Жастар ресурстық орталықтары» қызметкерлерінің арасында өткен «Байтақ жері, байрақты Байзақ елі!» атты облыстық спартакиадада ІІ орынға тұрақтады. «Жасыл Ел» еңбек жасақтары мен «Студенттік құрылыс» жасақтарының арасында өткен біріншілікте футболдан ең биік тұғырдан көрінді.

Мемлекеттік жастар саясатын насихаттауда да, жүзеге асыруда да жастар белсенді. «Қазақстан 2020: болашаққа бағдар» Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі Тұжырымдамасын іске асыру аясында жастар саясаты саласындағы қызметкерлердің мәртебесін арттыру, ресурстық орталық­тардың жаңа идеялар мен инно­вациялық бастама­ларына ақпа­раттық-әдістемелік, консуль­тациялық қолдау көрсету, менеджменттік, шығармашылық ізденістерін анықтау, озық тәжірибелермен бөлісу мақсатында ұйымдастырылған «Үздік ресурстық орталық» атты облыстық байқауға қатысып, үздік үштікті түйіндеді.

Асқақ арманымыздың бастауы болған Тәуелсіздік – әрбіріміз үшін қасиетті ұғым. Ата-бабамыздың сан жылғы күресімен келген егемендікті аудан жастары қадір тұтады. Жастардың тәуелсіз еліміздің тарихы, әдебиеті, мәдениеті туралы білімін кеңейту, оларға ұлттық құндылықтарды насихаттау маңызды міндет болып қала береді.

«Мәңгілік ел» идеясы ежелгі түркілер заманынан басталып, кешегі ата-бабаларымыздың арманына айналғанын білеміз. Сол заманда ел болашағын ойлаған дарынды билеушілер мен тарихи тұлғалар мемлекет мүддесін, оның жан-жақты даму жолын айқындап, жүзеге асуына өз үлестерін қосқан. Олар армандаған Тәуелсіздік – ең қадірлі де баға жетпес құндылық. «Мәңгілік елдің» білімді де саналы, сауатты жастары болашақта күллі әлемді таңдандырып, игілікті істерді еселендіріп, Қазақ елінің гүлденуі мен әрі қарай дамуына атсалысуға тиіс.

Leave A Reply

Your email address will not be published.