Инженерлік инфрақұрылым игілігін ел көруі керек

0 261

Тараз қаласының ішінен ағып жатқан «Қарасу», «Қапал» секілді каналдардың үстіне кәсіпкерлер заңсыз нысандар салып тастаған. Бүгінде ол нысандардың 9-ы түсіндіру жұмыстарын жүргізудің арқасында алынып тасталса, алтауының ісі сотқа өтті. Бұдан бөлек каналдың жағалауында орналасқан кейбір жеке тұрғын үйлердің қоршауы да өзіне тиесілі жер аумағынан шығып кеткен. Бұл туралы облыс әкімдігінде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен «Тараз қаласының ирригация жүйелерін қалпына келтіру және дамыту» жөнінде өткен кеңесте айтылды.

Басқосуда баяндама жасаған облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жарылқасын Айтақов «Тараз қаласының ирригациялық жүйесін қалпына келтіру мен дамытудың 2021-2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» бойынша жұмысты бес бағыт бойынша жүргізу айқындалғанын айтып өтті. Мәселен қазір қала аумағында 11 ирригация округі белгіленген. Округтердегі ирригациялық желілер мен арналардың жағдайы қайта зерттеліп және ақаулы актілер жасалған көрінеді. Қалпына келтіру-құрылыс жұмыстарының негізгі түрлері анықталып, оларды округтер бойынша өткізу және жылдарға бөлу кестесі айқындалыпты. Бүгінгі күні негізгі жұмыс түрлері бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бюджеттік өтінім беріліп те қойған екен. Тиісті қаражат бөлінген жағдайда ағымдағы жылдың соңына дейін арық-арналарды жөндеу, науаларды (лоток), шлюздерді, құбыр өткелдерін жөндеу және ауыстыру жұмыстары жүргізіледі екен.

Өз кезегінде облыс әкімі заңсыз салынған құрылыс нысандарын күрделі, жеңіл демей сот шешімі арқылы жеделдетіп алып тастау қажеттігін баса айтты. Демеушілердің көмегімен құрылысы жүріп жатқан «Үш бұлақ» каналының жағалауын демалыс орнына айналдыру ісін қараша айына дейін аяқтау қажеттігін ескертті. Облыс әкімі жауаптыларға шаһардағы су мүлде бармаған 4 бірдей ықшамауданға ағын су жеткізуді, жалпы қаланың ирригациялық жүйесін қалпына келтіру жұмысын кезең-кезеңімен жүзеге асыру және басқа да мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.