Таразда 4 тұрғын үй ел игілігіне берілді
Тұрғын үй мәселесі қай кезде де өзекті. «Үйі жоқтың, күйі жоқ» дегендей, үй баспанасыз жанның басты мұңына айналады. Дей тұрғанмен, бүгінгі таңда ел тұрғындары үшін баспаналы болудың мүмкіндіктері көп. Өңірлерде «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы біршама тұрғын үй кешендері салынып, ел игілігіне берілді. Көптеген отбасы қоныс тойын тойлап, қуанышқа кенеліп жатыр. Мемлекеттің мыңдаған азаматтарға жасаған қамқорлығы мен мүмкіндіктерінің нәтижесінде әрбір азамат өз шаңырағының иесі атанып, мерейі тасуда.
Осыған орай 30 тамыз – ҚР Конституциясы күніне орай Тараз қаласындағы 15 ықшамауданда 180 пәтерлі 4 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Баспаналы болу бақытына кенелген тұрғындардың қуанышымен бөліскен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ақжарма тілегін білдіріп, пәтер кілттерін өз қолымен тапсырды.
Жиында Конституция күнімен құттықтаған аймақ басшысы баспана мәселесіне қатысты облысымызда атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып өтті.
– Баспана – қай уақытта да өзекті мәселе. Қала халқының саны өсуімен тұрғын үйге деген сұраныс көлемі де ұлғаюда. Тәуелсіздік жылдары елімізде Елбасының басшылығымен қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Соның ішінде қалада жаңадан соғылып жатқан 15 шағын аудан орналасқан жер бірнеше жыл бұрын ашық дала болатын, ал қазір жаңа тұрғын үйлер бой көтерген шағын ауданға айналды.
Президенттің бес әлеуметтік бастамасы бойынша жарияланған басты мақсаттардың бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бұл ретте біз бүгін баршамыз мемлекеттігіміздің берік іргетасы – Конституция күні қарсаңында қуанышты сәттің куәсі болып отырмыз. Осынау оңды істердің барлығы әлеуметтің әлеуетін әлді ететін ауқымды шаралардың жарқын көрінісі. Біздің басты мақсаттарымыздың бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Осы мақсатта ағымдағы жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында барлығы 50 көпқабатты үй салынып, 3 мыңға жуық пәтер жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспалануда, — деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.
Пәтер кілтіне ие болған тұрғындар атынан сөз алған Жазира Байкулова көпшілік атынан алғысын жеткізді.
«Пәтеріміз жайлы, бөлмелері кең, жарық әрі жылы. Барлық жағдай жасалған. Біздің өз күшімізбен мұндай баспанаға қол жеткізуіміз екіталай еді. Осындай қолдау үшін мемлекетке алғысымыз шексіз» – деді су жаңа пәтердің иесі өз қуанышын жасыра алмай.