Қордайлықтар жыл бойғы еңбегінің жемісін көруде
Елімізде 2015 жылдан бастап интенсивті бақ шаруашылығы деп аталатын бақ өсірудің заманауи бағыты кең көлемде бастау алды. Бұл тәсілдің көмегімен шаруалар бақ салып, аз уақытта экологиялық таза өнімге қол жеткізе алады. Қордай ауданында заманауи әдіспен жеміс ағаштарын өсіретін «Азия сад» ЖШС алғашқы көшеттерін 2019 жылы отырғызған болатын. Осымен үшінші жыл қатарынан өнім алып отырған серіктестік бүгінде жиын-терін науқанына бел шешіне кіріскен.
Қарасай ауылдық округіне қарасты Еңбек ауылына жетпей жолдың оң қапталында 118 гектар алқапқа италиялық «Голден Делишес», «Ред Делишес», «Фуджи» және «Гала» деп аталатын алма сорттары отырғызылған.
Жеміс алқабына алғашында алып тіреулер орнатылып, үстінен зиянкестер мен табиғаттың тосын мінезінен қорғайтын сетка тартылған. Бойы аласа келетін жеміс ағаштары мол өнім беруге қауқарлы. Бірақ бұл үшін жақсы күтім мен жоғары технологиялық шешімдер қажет. «Азия сад» бағында жаңа технологиялар кеңінен қолданылады. Десе де, ауа райының қолайсыздығы шешуші фактор болып қала бермек.
Қарасай ауылдық округінің жері бұрыннан табиғаты алманың еркін өсуіне аса қолайлы болып келсе, биылғы құрғақшылық және аптап ыстық өнім көлеміне кері әсерін тигізбей қоймапты.
«Биыл өте ыстық болды. Сонымен қатар, көктемде аязды күндер мен үсіктің болғанын білесіздер. Осының салдарынан мол өнім жинау мүмкіндігі азайды. Қазіргі таңда гектарынан орташа есеппен 2 тонна алма жиналуда. Әзірше, жиналған жеміс Алматы қаласына жөнелтілуде. Болашақта өнім көлемі мен алманың сапасы артып жатса, экспорт мәселесін де қарастырамыз», — дейді серіктестік өкілдері.
Серіктестікте тұрақты түрде 20 адам жұмыспен қамтылса, жиын-терінге қосымша 100 адамға дейін тартылған. Алма ағаштары қатарларының арасынан шағын тракторлар жүріп, жүкті қоймаға тасуда. Мұнда алмалар бір-бірден ұқыпты түрде қораптарға жиналып, жүк көлігіне тиеледі.
Техника демекші, мұнда 9 трактор, 1 экскаватор және жұмысты қамтамасыз ететін өзге де жүзге жуық шағын техника бар. Барлық техника құнының 25 пайызын мемлекет субсидия ретінде қайтарып, қолдау көрсеткен. Алдағы уақытта жұмысты дамыту бағытында «Азия сад» ЖШС-нің үлкен жоспарлары бар. Мәселен, жеміс сақтайтын үлкен қойманың құрылысы басталды. Қаржы мәселесі толығымен шешілсе, мұнда тағы инвестиция тартылмақ.