Шалғай ауылдардың жағдайы басты назарда
Өткен сенбі және жексенбі күндері аудан әкімі М. Сұлтанғалиев аудан орталығынан шалғайда жатқан Шығанақ, Қамқалы, Жайлаукөл ауылдарының тыныс-тіршілігімен және Досбол, Игілік ауылдық округіне қарасты Талас өзенінің бойындағы шабындықтардан шөп дайындау жұмыстарының барысымен танысты.
Сапар барысында аудан басшысы Шығанақ ауылындағы Үлкен Қамқалы көлінің қазіргі жағдайымен танысып, көлді жақсарту, балық өсіру жұмыстарымен айналысу керектігін айтты. Тұздың мол қоры орналасқан Қамқалы ауылындағы тұз кендерін аралап, тұз өндірумен айналысып отырған кәсіпкерлердің жұмыстарына оң бағасын берді.
Жайлаукөл ауылындағы Бетпақдалаға қарай өтетін Шу өзенінің бойындағы көпірдің жағдайымен танысқан аудан әкімі М. Сұлтанғалиев алдағы уақытта көпірге жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігін айтты.
Үш елді мекендегі білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына және әлеуметтік нысандардың қысқа дайындығы назардан тыс қалған жоқ.
Сонымен қатар, аудан басшысы елді мекендердегі тұрғындармен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады, ойларымен бөлісті.
Ауылдағы шаруалар қыс мезгілінде шаруашылығындағы малдарын аудандық орман шаруашылығы мекемесінің иелігіндегі құмның ішінде орналасқан жерлерге жыл сайын ақылы түрде жалға отырып қыстататындығын, мүмкіндігі болса, сол орман шаруашылығы мекемесіне өтіп кеткен бұрынғы кеңшарлардың жерлерін ауданның жер қорына қайтарып, шаруаларға ұзақ мерзімге жалға берілсе деген ұсыныстарын жеткізді.
Төменгі Шу және Талас өзендерінің бойындағы шабындықтардан шөп дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл жұмыстардың барысымен танысқан аудан әкімі сала басшыларына шөптің аудан тұрғындарына, әрбір аулаларға жеткізілуін, тиімді бағада сатылуын қадағалауды тапсырды.
Жалпы, ауданда мал қыстату кезеңіне қажетті мал азығы жоспарға сәйкес, жоғарғы деңгейде дайындалып жатыр.