«Ауыл – ел бесігі» ел еңсесін тіктеп, халықтың тұрмысын түзеуде
Мемлекеттік бағдарламалардың, жарқын жобалардың арқасында пандемия басталғалы тұралап қалған кейбір салалардың тамырына қайта қан жүгіріп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті қайта арта түсті. Мәселен індет туындатқан қиындықтарға қарамастан «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде облысымызда құрылыс саласы қамшы салдырмас екпінмен алға озып, айналып болмас аядай уақытта ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылды.
Облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы берген мәліметке сүйенсек, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру бағытында облыста 2019-2020 жылдары барлық мемлекеттік бағдарламалар аясында құны 95,5 миллиард теңгені құрайтын 1263 жоба іске асырылыпты.
– Екі жылда жүзеге асқан жобалар білім саласындағы апатты, үш ауысымды орын тапшылығы бар мектептердің мәселесін шешуге септігін тигізді. Сонымен қатар денешынықтыру — сауықтыру кешендерінің, денсаулық сақтау нысандарының, мәдениет ошақтарының құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Сондай-ақ ауыл халқының 82,2 пайызы ауызсумен қамтылса, 82,4 пайыз тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы ауылішілік көшелер үлесі 77,2 пайызды құрады. Осы мақсатқа ағымдағы жылы 243 жобаға 42,5 миллиард теңге қарастырылуда.
Мемлекеттік қолдаудың ықпалында елді мекендерде соңғы 5 жылда негізгі көрсеткіштердің өсуі байқалады. Мысалы, ауыл шаруашылығының жалпы өңірлік өнімі 86,8 миллиард теңгеден 127,4 миллиард теңгеге, ауыл шаруашылығына салынған инвестициялар 2,6 есеге ұлғайып, 29,5 миллиард теңгені құрады. Шағын орта бизнес саны облыс бойынша 22 пайызға артты, – деген облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова «Ауыл – ел бесігі» жобасы елді мекендерді серпінді дамыту бағытындағы жұмыстарға қарқын қосқанын жеткізді.
Басқарма басшысының айтуынша, жобаны іске асыру есебінен бірінші кезекте инфрақұрылым жүйесі жақсарып, көпті алаңдатып келген түйінді мәселелердің түйіні тарқатылған. Атап айтсақ, 2019-2020 жылдары 7 ауданның 29 елді мекенінде 10,3 миллиард теңгеге 200-ден аса жоба іске асырылып, 9 денешынықтыру — сауықтыру кешенінің, 1 денсаулық сақтау нысаны, 3 мәдениет үйінің құрылысы жүргізіліп, ел игілігіне пайдалануға беріліпті. Бұдан бөлек 6 балабақша, 14 мектеп, 2 аурухана, 5 спорт нысаны, 7 мәдениет ошағы, 1 әлеуметтік қорғау нысандары жөндеуден өтіп, 2 су құбыры, 23 көше жарықтары қалпына келтірілген. Сондай-ақ 140-қа жуық көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.
– 2021 жылы да жоба жалғасын тауып, 67 ауылдық елді мекенде 8,8 миллиард теңгеге 119 жоба қаржыландырылды. Бүгінгі таңда денешынықтыру – сауықтыру кешенінің құрылысы, 1 орта мектепті күрделі жөндеу және 9 көшені орташа жөндеу жұмыстары аяқталып, жоспарланған қаражат 100 пайызға игерілді.
Жалпы жыл соңына дейін жоба аясында 1390 уақытша 133 тұрақты жұмыс орындары құрылып, 421,8 миллион теңге салық түсімі күтілуде. Облысқа инвестиция тартылып, жергілікті құрылыс материалдар өнімі өндіріліп, жергілікті қамту үлесі артатын болады, – деді Г.Жауынбекова.