Ыстық су магистральдары жаңартылуда

0 216

Қыс түсіп, күн суытса бітті Тараз қаласындағы кейбір ықшам аудан тұрғындары бүрсең қағып шыға келетіні жылдағы әдет. Мұндайда үстіне қабат-қабат көрпе жамылуға мәжбүр болған тұрғындар биліктен жылуды талапқа сай беруді талап етіп жататынына да етіміз үйренген. Десе де энергетика, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық басқармасы мамандары мен өңірдегі жылу таратушы мекеме өкілдері пәтерлердің жылымауына тұрғындардың өзін кінәлап жататыны бар. Олар айтқан дерекке сүйенсек, тұрғындар жылу жүретін негізгі тік құбырларды ауыстырмағандықтан, олар ескірген. Сонымен қоса кейбір жоғары қабатта орналасқан пәтер иелері еденге жылу жүйесін орнату салдарынанан төмендегі пәтерлерге жылу бармай қалатын көрінеді. Әйтпесе тұрғын үйлерге дейінгі жылу құбырлары жылда жөндеуден өтіп, кейбірі тіпті ауыстырылады екен.

Мәселен бүгінде облыстағы 444 автономды қазандық, 340 шақырым жылу, 103 шақырым ауызсу, 9 369 шақырым электр, 2 053 шақырым газ желілері мен 782 білім, 387 денсаулық сақтау, 466 мәдениет саласы нысандары және 1 622 көпқабатты тұрғын үй жөндеу, сынақтан өткізу арқылы қысқы жылыту маусымына 60 пайыз дайын болыпты. Жылыту маусымы кезеңінде жоспарға сай тұтынылады деп есептелген 23 872 тонна әлеуметтік мазуттың көлемі де жасақталып қойған. Оның ішінде мазуттың 12 мың 8770 тоннасы «Жаңатас Су-Жылу» мекеемесіне тиесілі болса, «Т.И.Батуров атындағы ЖГРЭС» акционерлік қоғамына 10 000 тонна, «Жамбыл-Жылу» мекемесіне 1002 тонна жеткізілген. Бұл туралы облыс әкімдігі энергетика, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының оранбасары Руслан Мұздықбеков өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте айтып берді.

– Облыс тұрғындары үшін алдағы күзгі-қысқы кезеңде 188 мың тонна көмір жеткізу жоспарлануда. Бүгінгі күнге көмір қоймаларында 9,2 мың тонна көмір бар, шілде-тамыз айларында 15,5 мың тонна көмір жеткізіледі.

Бюджеттік ұйымдардың қажеттілігіне орай автономды қазандықтар үшін 64,5 мың тонна қатты отын қорымен қамту жоспарланған. Оның ішінде білім нысандарына – 56,7 мың тонна, денсаулық сақтау нысандарына – 5,7 мың тонн, мәдениет нысандарына – 2,1 мың тонна көмір түсіріледі.

Бүгінгі таңда барлық әлеуметтік нысандар бойынша көмір сатып алуға мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізіліп, жеткізушілермен келісімшарт жасалды, – дейді Руслан Орынбасарұлы.

Сонымен қатар Р.Мұздықбеков ыстық су үздіксіз тұрақты түрде беріліп келе жатқанын сөз етті. Айтуынша, жаз бойы 919 көпқабатты тұрғын үй ыстық сумен қамтамасыз етілген. Десе де ол жылу беруші кәсіпорындардың алдағы жылыту маусымына жылу желілері мен қазандықтарды дайындап жатқанын, осыған орай алдағы 1 тамыздан бастап 15 тәулікке ыстық су беру уақытша тоқтатылатынын жеткізді. Тамыздың 15-іне дейі жылу тарататын кәсіпорындардың қазандықтарының негізгі және қосалқы жабдықтарын түгендеу, жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жылу желілері гидравликалық сынақтан өткізіліп, құбырлардың жылу қуатын тасымалдау деңгейі тексерілмекші.

Leave A Reply

Your email address will not be published.