Таласта тындырылған тірлік көп
Асыраушы сала дамыса, ауыл да түрленіп, еліміз алға басады. Бүгінгі таңда аграрлы аймақ Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы саласына ерекше көңіл бөлініп, шын мәнісінде экономикалық дамудың драйверіне айналды.
Жалпы облыстың кез келген өңірінде агросаланың даму көрсеткіткіші жыл санап артып келеді. Мәселен қазыналы Талас ауданында ауыл шаруашылығы өнімі 6 миллиард 395 миллион 400 мың теңгеге өндіріліп, былтырғы жылмен салыстырғанда 104,7 пайызға орындалыпты. Немесе 289 миллион 600 мың теңгеге артқан.
2021 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша аудандағы мүйізді ірі қара саны 30228 бас, қой-ешкі 431019, жылқы 12257, түйе 2216 бас, шошқа 208 бас, үй құстары 42164 басты құраған. Бұл өткен жылғы осы уақыттағы көрсеткіштермен салыстырғанда бірнеше есеге артқан.
Ауданда 2021 жылдың өнімі үшін барлығы 13765 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып және 2500 гектар пар дайындалған. Яғни, барлық егістік жердің 76 пайызы игерілген.Оның ішінде күздік бидай 4920 гектар және бұрынғы жылдардағы көпжылдық шөп 4465 гектарды құрайды.
Көктемгі егіс дала жұмыстар бойынша 4380 гектар алқапқа жаздық ауыл шаруашылығы дақылдары егіліпті. Оның ішінде 1500 гектар жаздық арпа, 500 гектар дәндік жүгері, 600 гектар мақсары, 50 гектар күнбағыс, 130 гектар картоп, 300 гектар бақша, 200 гектар көкөніс және 1100 гектар көпжылдық шөп жаңадан себіліпті. 671 тонна тұқым себілген. Оның I-репродукциялысы 85 тонна (13 пайыз), II — репродукция – 133 тонна (20 пайыз) және III- репродукция – 453 тонна (67 пайыз).
Ауданда жылыжай шаруашылығы да жанданып келеді. Ауданда бойынша Ақкөл, Ойық, Үшарал ауылдық округтерінде 3 жылыжай бар (25 соттық). Атап айтқанда, Үшарал ауылындағы жеке кәсіпкер Ерғазы Сыздықбеков 20 соттық жылыжайға қияр егіп, 20 тонна өнімін алса, Ойық ауылының тұрғыны Болатбек Тілепбергенов («Нұрдәулет» ЖК) 3 соттық жылыжайына қызанақ, қияр егіп, 3,0 тонна өнімін халыққа сатқан. Ал Ақкөл ауылдық округіндегі 2,0 соттық жылыжай уақытша тоқтап тұр.
Ағымдағы жылдың алты айында аудан бойынша 1000 бастан жоғары мал бордақылау алаңдарына 198 бас бұқашық өткізілген. Оның ішінде Қызыләуіт ауылдық округінен — 111 бас бұқашық («Ынтымақ», «Кәусәр» шаруа қожалықтары), Ойық ауылдық округіндегі 87 бас бұқашық («Сәттұрсын», «Шалқар» шаруа қожалықтары) өткізген.Мұнан бөлек ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған бағдарламалар аясында аудан шаруалары несие алып, өз кәсіптерін дөңгелетуде.