Пандемия жағдайында өте тиімді жаңашылдық
Коронавирус инфекциясының таралу қарқыны тежелгенімен, одан әлем түбегейлі құтылған жоқ. Сондықтан да індет қайта өршімес үшін кез келген жерде сақтық шараларын қатаң ұстану маңызды. Бүгінде мектеп бітіруші түлектерді жоғары және орта арнаулы оқу орындарына қабылдау ісін онлайн форматта әрі мемлекеттік қызмет көрсету орындары арқылы жүргізуге осы жайт себеп болып отыр. бұдан бөлек мұны талапкерлерді оқуға қабылдауда жүйеге енгізілген оң өзгеріс деуге де болады. Нақты айтқанда, биылғы 25 маусымынан бастап талапкерлердің өтініштерін ақпаратты жүйеге ұсыну үрдісі, яғни олардың құжаттары онлайн форматта мемлекеттік қызмет көрсету арқылы жүргізіледі.
Облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов оқуға қабылдау ісі онлайн жүріп жатқандықтан, талапкерлер тиісті мекеме қызметкерлеріне сан түрлі сұрақтар жолдап жатқанын сөз етті
– Осыны қысқаша түсіндіріп өтсек, облыстағы кәсіптік техникалық білім беру ұйымдары «Smart Nation» ақпараттық жүйесімен келісім шартқа отырған болатын. Бұл ақпараттық жүйенің ерекшелігі құжат Egov.kz және ұлттық бірыңғай базасы арқылы жүргізіледі. Ол үшін өтініш, аттестат, жеке куәліктің сканері қажет. Аталған жүйеге сәйкес талапкерлер онлайн арыздарын беріп, сауалнамадан өту арқылы екі колледжге, екі мамандыққа өтініш беруге мүмкіндігі болады. Өтініш қабылдау күнтізбелік жылдың 20 тамызына дейін қабылданады. Қай оқу орнына түсетінін әлі таңдап үлгермеген талапкерлер үшін қабылдау комиссиясының мүшелері арқылы онлайн кеңес беріледі. Үлкен өмірдің табалдырығын аттап, мамандық игеруде орта арнаулы білім беретін мекемелердің қызметін қолайлы санаған жастар өзін мазалаған сұраққа жауапты сол жерден таба алады. Талапкерлерді автоматты түрде бөлу, нақтыланған сәтте білім беру платформасы арқылы жүзеге асырылады. Олардың арасында өтетін мемлекеттік конкурс алдағы 19-22 тамыз аралығында ұйымдастырылса, ақылы негізде білім алауға бел буғандар үшін конкурс 26-28 тамыз аралығына белгіленді. Конкурсқа қатысу үшін, олар тамыз айының 20-нан қалмай өтініш өткізуі тиіс. Конкурстың қорытындысы ресми интернет сайттарда тамыз айының 23-інде, ал жалпы орта білім беру базасында 25 тамызда жарияланады, – деді ол.
Айта кету керек, еліміздегі мектеп түлектері колледж бен университтерге құжат тапсырған кезде жылына 1 миллиард теңге қаржы жұмсалады екен. Электронды форматқа көшу нәтижесінде жұмсалатын орынсыз шығындар саны азайып, үнемделеді.