Инвестиция – ел игілігі үшін
Кез келген саланы дамыту үшін оған қаржы құю қажет. Ал құйған қаржының қайтарымы болмаса ше? Бюджет қаржысын оңды-солды жұмсай бергеннен гөрі, бұл орайда сыртқы не ішкі инвесторларды қызықтыру арқылы салаға солардың қаржысын жұмсаудан асқан тиімділік жоқ. Өйткені инвестор салған қаржысын қайтарып алуы үшін жұмыстың жүйелі жүруіне барынша күш салады. Соның арқасында нәтиже де жоғарылап, сапа да артады әрі сала да дами түседі.
Дәл қазіргі уақытта Т.Рысқұлов ауданында ауыл шаруашылығы өндірістік кешенін одан әрі дамыту бағытында инвестиция көлемі 13 миллиард 946 миллион теңгені құрайтын 6 жоба іске асып жатыр. Оның 8 миллиард 100 миллион тенгесі облыстық бюджеттен қаржыландырылыпты.
Мәселен Құлан ауылдық округіне қарасты «Шалқар» шаруа қожалығының 680 миллион теңгеге 1500 бас мүйізді ірі қараға арналған мал бордақылау алаңын іске қосуда. Жобаның қуаттылығы – жылына 7500 тонна сиыр етін дайындау. Келер жылы бордақылау алаңы іске қосылып, 20 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
– «Guknur qida» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің интенсивті жеміс-жидек бағы 972 гектар. Жоба қуаты 8 миллиард 100 миллион тенге. Жоба 2025 жылы іске қосылады.
Малдыбай станциясында «Малдыбай Агро» ЖШС құны 2 миллиард 400 миллион теңгенің жобасын қолға алды. Бұл өнеркәсіптік көлемде картоп, пияз, сәбіз өсірумен қатар, өнімді сақтайтын және қайта өңдеу арқылы өнім шығаратын заманауи өндіріс орны болмақ. Жылына 15-20 мың тонна өнімді дайындап, сақтауға арналған кешен келер жылы іске қосылады. Сол кезде 20 адам жұмыспен қамтылады.
Абай ауылдық округіне қарасты «Керең» ШҚ-ның «Сыбаға» бағдарламасы негізінде Германиядан 93 миллион теңгеге 136 бас сүтті бағыттағы «Семментал» тұқымды асыл тұқымды МІҚ сатып алды. Инвестиция көлемі 263 миллион теңгені құрайтын 200 сиырға арналған сүт тауарлы фермасының құрылысы жүріп жатыр. 2021 жылдың соңында жоба іске қосылып, жылына 720 тонна сүт өндіру көзделіп отыр. Бұл жерде 10 адам жұмыс істейтін болады.
Құлан ауылындағы «SV Agro», «Arho agro» ЖШС-нің 1000 гектар интенсивті алма бағын отырғызу үшін 2 миллиард 183 миллион теңгеге инвестиция тартылды. Бүгінгі күнге 150 гектар алма, 100 гектар шие егілді. Жоба 2023 жылы іске қосылса, 47 жұмыс орны ашылады деп күтілуде, – дейді Т.Рысқұлов ауданы ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ә.Туғанбаев.
Сол секілді Ақбұлақ ауылдық округіндегі «ҚайнарАгро» ЖШС құны 320 миллион теңгеге татитын жоба бойынша жоғары репродукциялы тұқым өндіруді қолға алыпты. Тазалау жүиесі бойынша 2023 жылы зауытты іске қосу көзделсе, 10 адам үшін жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Сайып келгенде барлығы 6 жоба аясында 107 адам үшін жаңадан жұмыс орны ашылмақшы. Бұл өңірдің жұмыссыздықты жою мәселесіне тікелей септігін тигізетіні анық.