Көрінген адам көкесінің атын көшеге қоя алмайды

0 194

КСРО дәуірінде еліміздегі елді мекен, мектеп, көше секілді нысандар қазақ еліне мүлде еңбегі сіңбеген, тіпті біздің қоғамға мүлде таныс емес адамдардың есімімен аталғаны белгілі. Еліміз егемендік алып, өз билігіміз өзімізге тигелі орысша атаулар қазақшалана бастағанда қуанғанбыз. Алайда төл тарихымызға төрден орын берудің орнына кейбір пысықайлар ауылға атасының, көшеге көкесінің есімін беріп жібергенін кейін бір-ақ білдік. Бүгінде осы олқылықты түзетумен әре болып жатқан жайымыз бар. Мақсат – қандайда бір нысанды атағы ауылдан ұзай алмаған азаматтардың емес, ұлтқа еңбегі сіңген тарихи тұлғалардың, батырлар мен қайраткерлердің, алаш ардақтыларының есімімен атау. Бұл іс біздің өңірде облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқанын айта кету керек. Қала берді аталған шаруаларды жүйелеу «Nur Otan» партиясының облыс бойынша 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасына да енген. Ондағы жол картасының 103-тармағы осы мәселені жүзеге асыруды көздейді. Осы тармақ негізінде әзірленген іс-шаралар жоспарына сәйкес, қазір өңірімізде «Менің көшемнің тарихы» атты облыстық акция жүзеге асырылып жатыр. Бұл істен Байзақ ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі де шет қалып отырған жоқ.

Байзақ ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Гаухар Тәукебаева аталған акцияның мақсаты Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, мемлекеттік тілді қолдану мәртебесін арттыру, мемлекеттік тілге сұранысты жоғарылату және тіл мәдениетін жетілдіруге қол жеткізу, атаулар арқылы туған өлке тарихына қызығушылықты арттыру екенін айтады.

– Қоғамның назарын ауыл көшелерінің тарихына аудару, әр көшенің өзіндік атауы мен сырын жұртшылыққа насихаттау да осы акция аясында жүзеге асырылып жатқан шаруа. Әр көшенің өзіндік атауы мен сырын жұртшылыққа насихаттау арқылы жастардың, сол жерде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруге деген ниетін, қызығушылығын арттыру біз үшін парыз. Бүгінде туған өлкесінің, елді мекендер мен көшелердің тарихы туралы жастар танымын арттыру және тарихты зерттеуге үлес қосуын қалыптастыру қолға алынып жатыр.

Мәселен «Менің көшемнің тарихы» атты акция Дихан және Бурыл ауылдық округтерінде өтті. Атап айтқанда, Бурыл ауылында еңбек және соғыс ардагері Жайдарбек Бұзаубақовтың есімі ұлықталды. Онда Ж.Бұзаубақовтың ұрпақтары, ауыл, көше тұрғындары естеліктер айтып, шөберелері өнерлерін көрсетіп, аталарының өмірбаянын баяндап, мақтанышпен еске алды.

Еңбек және соғыс ардагері Жайдарбек Бұзаубақовтың қызы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының академигі Клара Бұзаубақова әкесі туралы естеліктерімен бөлісіп, іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына алғыс айтып, жергілікті кітапханаға өзінің еңбектерін сыйлады. Бұл екінші дүниежүзілік соғыста ел үшін жаны арпалысқа түскен және барлық саналы ғұмырын соғыстан кейінгі қираған дүниені қалпына келтіруге арнаған майдангерге деген зор құрмет деп білеміз Акция жыл соңына дейін жоспар бойынша барлық округтерде жалғасады, – деді ол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.