Халқы ақынын еске алды
Береке-бірлігі жарасқан қазақ халқы ақынын қадірлеп, құрмет көрсетуден еш жалықпаған. Ал, ұлтымызда жауһар жырлары мен әсем туындыларын тарту еткен марқасқа ақын-жазушыларымыз жетерлік. Солардың бірі, һәм бірегейі – жыр алыбы Жамбыл Жабаев.
Аты аңызға айналған адамның артында қалған мол мұралары – кейінгі ұрпаққа мәңгілік азық. Өлең-жырды жастана оқитын ұрпағы барда оның отты өлеңдері өзіндік орнын жоғалтпай, қазақ даласын әсем әнге бөлейді. Бүгінде ақынның жыр-дастандары елуден астам мемлекеттің тіліне аударылды. Бұл да қазақ әдебиетінің, мәдениетінің және жыр алыбы Жамбылдың әлем елдері арасында мәртебесі жоғары екенін айғақтайды.
28 ақпан – жыр жампозы Жамбыл Жабаевтың туған күні. Қазақ халқының мақтанышына айналған ұлы тұлғаның дүниеге келген күні әрдайым аталып келеді. Әсіресе, ақын атымен аталатын Жамбыл облысы және Жамбыл ауданы тұрғындары үшін бұл күн ерекше маңызға ие.
Бүгін аудан жұртшылығы орталық алаңдағы абыз ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етуді дәстүрге айналдырғалы қашан. Сол дәстүр биыл да жалғасын тапты. Алдымен аудан әкімі Сәкен Арубаев бастаған топ ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті. Гүл қою рәсімінен соң сөз сөйлеген Сәкен Қаланұлы жыр дүлділі ақынның есімімен аталатын ауданда ерекше аталып өтілетінін, облыстық ақындар айтысы ұйымдастырылатынын, Жамбыл ауылында Жамбыл атындағы орта мектеп халық қажетіне берілетінін тілге тиек етіп, халқын ақынның мерейтойымен құттықтады.
Гүл қою рәсімінен соң жүз жасаған бәйтерегіміздің жырларын көңілге тоқып өскен аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері «Қарт домбыра» қойылымын сахналаса, әнші Жақсылық Қалтешов «Менің пірім Сүйінбай» әнін нақышына келтіріп шырқады. Ал ауыл ақсақалы Бейсенбек Асқаров ақ батасын берді.
Ақжігіт Жетпісбай,
Жамбыл ауданы