Шулықтар Тәуелсіздік тойын бастап кетті

0 1 015

Биыл егемен еліміз үшін ерек жыл. Озық ойлы отыз елдің қатарына құлаш ұрған Ұлы Еліміздің тәу етер Тәуелсіздігінің таңы атқанына отыз жыл. Отыз жылда ойға алған, орындалған оңды істеріміз қаншама. Мерейлі мерекемізді жақындатқан жылда жақсы істеріміз молынан болып, әр күніміз әнмен әрленіп, өлең-жырмен өріле берсін деп тілейік. Әдемі күндердің әу дері ауданымызда да бастау алды.

Осыған орай Шу аудандық мәдениет үйінде «Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз ғұмырлы болсын» атты Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралардың ашылу салтанаты өтті.

Мәдениет үйіне кірген бойда-ақ жоғары деңгейдегі дайындықтың иісі аңқыды. Көзге ұрған көркем бейнелер-биылғы жылғы атаулы даталарды иелері, бес бірдей алып тұлғаларымыз-Исатай Тайманұлы, Жамбыл Жабаев, Дина Нұрпейісова, Әлихан Бөкейханов, Мұқағали Мақатаевтың образдары тірі кейпінде әсерлі сомдалған. Дәл осы тұлғалар мен былтыр ғана 175 жылдығы әлемдік деңгейде аталып өткен ұлы ақын Абайдың елдің рухын оятар өлең-жырлары сахна төрінде орындалды.

Мерейлі мерекенің тұсаукесері кесілгеннен кейін Қазақстанның гимні ойнатылды. Мұнан кейін аудан әкімі міндетін уақытша атқарушы Әлихан Балқыбековке құттықтау сөз берілді.

— «Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай «Тәуелсіздік! Ол-біздің ең қасиетті құндылығымыз». Халқымыз үшін тәуелсіздіктен асқан бақыт та, байлық та жоқ. Бұл — бабалар арманы, ақиқатқа айналған азаттыққа қол жеткізген күн. Бүгінде біз келісім мен татулық туын тіккен, саяси тұрақты қоғам құрған, тағдыры бір, мақсаты ортақ, біртұтас халықпыз. Тағдыр біздің ұрпаққа тәуелсіздікке қол жеткізу бақытын сыйлап, оны көздің қарашығындай сақтауды аманат етті. Тарихи міндетті абыроймен іске асыру-баршамыз үшін қасиетті парыз» — деді Әлихан Әбілашұлы.

Жиылған жұрттың рухын көтерген әсерлі кеш патриоттық рухты әндер мен ұлттық нақыштағы билермен жалғасын тапты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.