Ардагерлер қалыптасқан жайға атүсті қарамайды

0 223

Облыс ардагерлері жамбылдық шаруаларды қысқа жем-шөп дайындауға  шақырады. Бұл іске қалталы кәсіпкерлер мен ірі шаруа қожалық иелері де жұдырықтай жұмылып, ұсақ қожалықтарға қол ұшын созғаны жөн. Қазіргі жағдайды ескеріп, ата кәсіпті серік еткендерге арналған маңызды үндеуді облыстық ардагелер кеңесінің есеп беру, сайлау жиыны кезінде жарияланды.

– Өткен қыстағы жағдай шаруалардан бұрын жергілікті жердегі барлық қауымдастық өкілдерін ойлантуы керек. Қазірдің өзінде шабындық жерлердің жағдайы мәз емес. «Жау жағадан алғанда бөрі етектеннің» кебін киіп  шөптің бағасы да шарықтап кетті. Бұл жағдай малмен жан бағып отырған ауыл тұрғындарының жанына қатты батады. Сондықтан, біз шаруа қожалықтарын, жеке азаматтарды, кәсіпкерлерді бірігіп, ерекше мән беруге шақырамыз. Дәл қазір ауыл іргесіндегі шабындықтарды малдан қорған жөн. Жергілікті атқарушы органның өкілдерімен бірігіп, аудандағы шабындықтың көлемін анықтау, шөп ору науқанын ойдағыдай өткізу мықтап қолға алынуы керек.  Шаруалар шабындық  жерлердегі шөпті күнге күйдірмей ерте жинап алса ұтылмайд. Бұл жұмысқа ауылдың азаматтарын тартуға ақсақалдар мұрындық болуы керек. Біз өзге аудандарға шабындық жерлермен бірге  арық-атыз, сай-сала, өзен, көл жағалауларындағы шөптерді жинап алу тәжірибесін қалыптастырған Мойынқұм және Талас ауданы тұрғындарының мал азығын дайындаудағы әрекетін көп үлгі еткіміз келеді. Сондай-ақ ауыл ақсақалдары мен тұрғындарын қолдағы малға ауыл іргесіндегі жерлердегі арық-атыздардың бойларындағы және бос жатқан алаңдардан өз күштерімен мал азығын дайындау бастамасын көтерген облыс әкімінің «Бірлесіп жасалған істен береке тарқамайды» атты үндеуін қолдауға шақырамыз. Жергілікті атқарушы орган өкілдері шаруаларды шөпті ору, жинау, тасу техникаларымен қамтамасыз ету мәселесін шешіп беретін болса нұр үстіне нұр болар еді. Індет пен бірге халықтың басты уайымына алған қуаңшылық кезінде өңірдің, еліміздің әлеуметтік жағдайын төмендетуге жол бермейік! – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев.

Жиында сонымен қатар облыстық ардагерлер кеңесінің есеп беру және сайлау жиналыстарын топтық, бастауыш ардагерлер ұйымдарында өткізу жайы да айтылды. Тараз қаласы мен қалалық, аудандық ардагерлер кеңестерінде тамыз айында өтеді.

Жиындардың күнтәртібіне ардагерлер кеңесінің есепті кезеңдегі жұмысының негізгі көрсеткіштерімен бірге ардагерлер қауымдастығының қазіргі жағдайға сай әрекет етуінің барысы да қойылады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.