Негізгі капиталға салынған инвестицияда өсім бар

0 216

Өңірдің табысын арттырып, меншік капиталын молайтуда, елдің материалдық байлығы мен бейматериалдық сипаттағы қоғамдық құндылықтарын жоғарылату үшін инвестициялық қаражат ауадай қажет екені даусыз. Жалпы капиталға салынатын инвестиция шетелдік, және жергілікті болып екіге бөленетіні белгілі. Соның ішінде негізі инвестиция құрылыс нысанына материалдық, бейматериалдық капиталды салуға, ұлғайтуға, қайта жаңғыртуға, техникалық жағынан жарақтандыруға, нысандарды күрделі жөндеуден өткізуге, сатып алу ісі мен материалдық қорды толықтыруға жұмсалатыны әмбеге аян. Осы тұрғыдан келгенде өңірде қандай шаралар атқарылып жатыр деген сұрақ туындайтыны заңдылық. Біздің бір білетініміз Жамбыл облысында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі тұрақты өсіп жатқандығы. Соның арқасында 6 айда өсім 12,2 пайызға артып отыр. Бұл көрсеткіштің орташа республикалық межеден 14 пайыздық тармаққа жоғары қалыптасуы да көңіл қуантады.

– Инвестиция құрылымындағы түсімнің 62,7 пайызға жуық негізгі үлесі меншікті қаражат, қалған 37,3 пайызы бюджеттік инвестицияға тиесілі. Республикалық бюджеттен негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 88,7 пайызға төмендеген. Өңірлер бөлінісінде ең жоғары қарқын Қордай, Талас, Мойынқұм аудандарында қалыптасып отыр, – дейді облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова.

ҚР Премьер-Министрі тарапынан осы жылға бекітілген меморандумға сәйкес жыл басынан бері жоспардағы 421 миллиард теңгенің 38,2 пайызы тартылыпты. Сондықтан облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы негізінде облыс әкімдігінің кәсіпкерлік басқармасына, аудандар мен Тараз қаласы әкімдеріне межеленген жоспардың орындалуын қатаң бақылауға алынған сыңайлы.

Жалпы есепті кезеңде сауда көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,1 пайызға ұлғайыпты. Әйтсе де бұл орташа республикалық көрсеткіштен  3,4 пайыздық тармаққа төмендеген көрінеді. Дегенмен бөлшек сауда айналымы 2,4 пайызға артып, өңірлер бөлінісінде барлық аудандар өсімге қол жеткіздсе, оның ішінде ең жоғарғы өсім Байзақ, Жамбыл аудандарында байқалған екен. Бір айта кетерлігі өткен жылмен салыстырғанда салада өсім болғанымен, республикалық орташа көрсеткіштен сауда саласы сәл-пәл төмен болғандықтан,аудан және қала әкімдері қолда бар резервтерін толық пайдалана отырып, сауда өнімі көлемінің өсімін ұлғайтуға күш салып жатқанға ұқсайды.

Осы жылдың алғашқы жарты жылдығында 288,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылмен салыстырғанда 14,9 пайызға артыпты.

Көлік қызметі 6 айда 0,1пайызға жоғарылап, 252,8 миллиард теңгені құраған екен. Дегенмен, жүк тасымалдау 4,2 пайызға, жолаушы тасымалы 35,9, жүк айналымы – 0,9, жолаушы айналымы — 45,9 пайызға құлдыраған. Осыған орай облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен Тараз қаласы және аудан әкімдері бірлесе отырып, жүк және жолаушы тасымалының толық жүктелуін қамтамасыз етуге баса мән беруді қолға алыпты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.