Инвестицияның игілігі
Жыл санап экономикасы өрлеген Талас ауданында жүзеге асып жатқан инвестициялық жобалар ел ырысын еселеп, берекесін тасытуда. Жарқын жобалар өңірдің дамуына оң серпін беріп, халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына да айтарлықтай ықпал етуде.
Ауданда өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында жалпы сомасы 35612,5 миллион теңгені құрайтын 8 жоба жоспарланып, оның ішінде 3735,2 миллион теңгенің 2 жобасы 2020 жылы пайдалануға берілген. Атап айтқанда, аймақта құны 1867,6 миллион теңгені құрайтын, қуаттылығы 4,5 мВт болатын жел электр энергиясын өндіру мақсатындағы «Wind Power city» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне Қызыләуіт ауылдық округінен 21 гектар жер учаскесі бөлініп берілген. Жоба ҚР Энергетика министрлігінің тізіліміне енгізілген. «Wind Power city» серіктестігі тарапынан ауданға 1910,0 миллион теңге инвестиция тартылған. 2020 жылы құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосылыпты. Қазіргі таңда 11 адам жұмыспен қамтылған. 2020 жылы 1,5 миллион кват электр энергиясын өндірсе, биылғы жылға 15,5 миллион кват электр энергиясын өндіру жоспарлануда.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық дамуының 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында, кәсіпкерлікті қолдау картасына «TalasInvestmentCompany» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қуаттылығын 15,0 мың тоннадан 30,0 мың тоннаға дейін көтеру мақсатында, зауыттың жанынан қосымша цех соғу жобасын қосу жоспарланған. Жоба жүзеге асқанда 300 адам жұмыспен қамтылатын болады. Жалпы жобаның құны 25,0 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі таңда зауытқа инфрақұрылым тарту бойынша құжаттар толық рәсімделген. Инфрақұрылымын тарту индустриалдық аймақ арқылы жүзеге асырылатын болады.
Бұдан бөлек Қызыләуіт ауылдық округіне қатысты «Еламан» шаруа қожалығы жылына 500 бас мал бордақылау орнын ашуды мақсат етіп отыр. Мақсаты – қой, сиыр, жылқы және түйе етін және сүтін өндіру. Инвестиция көлемі – 70,0 миллион теңге. Жалпы жұмыспен 13 адам қамтылады. Мал бордақылау орнына «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында электр желілерін тарту бойынша 99,0 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттары толық жасалған.
Жүзеге асырылып жатқан тағы бір жоба – құны 1829,1 миллион теңге болатын жел электр энергиясын өндіру мақсатында «Шенгелді» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне Қызыләуіт ауылдық округінен жер учаскесі бөлініп, құрылысы 2020 жылы басталыпты. Жалпы қуаты 4,5 мВт болатын 3 қондырғы орнатылып, келешекте 14 адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда қондырғылар толықтай орнатылған.
Жел электр энергиясын өндіру мақсатында ауданда басқа да екі жоба жүзесе асуда. Аталған жобалар жүзеге асып, іске қосылған жүздеген аудан тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылады.