Жылыту маусымына дайынбыз ба?

0 240

Қылышын сүйретіп қыс мезгілінің жақындап қалғанын ескеретін болсақ, қазір жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын күшейтіп, атқарылған жұмысты пысықтайтын кезең. Жауапты сала мамандарының айтуынша, Тараз қаласы жылу беру маусымына сақадай сай. Бұған дейінгі жылу беру маусымында болған кемшіліктер қаперге алынып, биыл ондай олқылықтарға жол бермеу мақсатында ала жаздай жүйелі жұмыстар жүргізілген екен.

Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиевтің сөзіне сүйенсек, шаһардағы 1380 көппәтерлі тұрғын үйдің 1309-ы жылу жүйесіне толығымен қосылған. Ал 71 барак типтес үй автономды түрде жылытылады.

2011 жылдан бастап облыс орталығында тұрғын үй қорын жаңғырту аясында көппәтерлі тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізілуде екен. Қазіргі таңға дейін қала аумағында 341 үй күрделі жөндеуден өткен және жертөледегі инженерлік жүйелер (жылу жүйесі) толығымен жаңартылған.

Ағымдағы жылы республикалық бюджет есебінен 57 үйге 2 миллиард 691 миллион теңгеге қолдау көрсетіліпті. Қаржыландыру жоспарына сәйкес қаражат қазан айына жылжытылыпты. Қазіргі таңда тиісті министрліктер мен облыс әкімі арасындағы кредиттік келісімшарт жасалуда. Сондай-ақ Ы.Сүлейменов көшесінің аяғында орналасқан №15 ықшам ауданындағы тұрғын үй кезегінде тұрған баспана алуға мұқтаж азаматтарға берілген және ипотека арқылы сатылған 48 үй жылыту маусымына толығымен дайын.

Облыс бойынша 9 жылу энергетика кәсіпорны болса, Тараз қаласында жылу өндіруші және жеткізуші 5 кәсіпорын бар. Жылу қуатын өндіруші қазандықтардың жалпы саны — 56, қазандықтарда 171 негізгі қазандар орналасқан, оның 90 резервтік қазандар болып табылады.

Ал қала әкімдігі тұрғын үй, коммуналдық-шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлы  2021 жылдың 1 тамыздан бастап 15 күндік мерзімге қала бойынша ыстық суды беру тоқтату жоспарланып отыр екен. Бұл кәсіпорындардың жылу желілерінде қысыммен сынақтар жүргізу кезінде анықталған кемшіліктерді қалпына келтіруге бағытталған жұмыстар болып табылады.

«Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамының президенті Тамара Моордың есебінше,  кәсіпорын 2021-2022 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында 237,780 миллион теңгеге 23 ірі іс-шара жоба қарастырып отыр екен. Оның ішінде инвестициялық бағдарлама бойынша 99,477 миллион теңге бөлінген.

Жауапты басшылардың есебіне құлақ түрсек, қыстың қыспағында қалмас үшін шаһарда көп жұмыс жүргізілген. Ал атқарылған жұмыстың нақты нәтижесі алдағы қыс айларында белгілі болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.