Қыс қыр астында

0 671

Жылыту маусымының басталуына әлі 2-3 ай уақыт бар. Десе де қылышын сүйретіп қыс келгенде жылу құбырымен алысу абырой әпермейтіні анық. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында өңірдің қысқа дайындық мәселесі пысықталған еді.

– Жылыту маусымына дейін әлі біраз уақыт бар деп арқаны кеңге салуға болмайды. Әсіресе білім нысандары бірінші қыркүйекке дейін 100 пайыз дайын болуы шарт. Сол үшін де алдағы жылыту маусымына дайындықты қазірден қолға алып, осы бағыттағы шаруаны пысықтамасақ, ертең кеш болады. Бар-жоғы екі айдан кейін жылыту маусымы да келіп жетеді. Осы бастан өткен жылы жіберілген қателіктер мен олқылықтарды талқылап, кемшіліктерді ескеріп, жағдайдың алдын алуға тиіспіз, – деді Бердібек Машбекұлы аталған жиын барысында.

Жиында баяндама жасаған облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Руслан Мұздыбеков облыстағы барлық автономды қазандықтар мен жылу жүйесі, жылу, ауызсу, электр, газ желілері мен 782 білім, 387 денсаулық сақтау, 466 мәдениет саласы нысандары мен 1 622 көпқабатты тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындығы 60 пайызға дайын екенін сөз етті. Ал көпқабатты тұрғын үйлердің 800-ге жуығы қысқы маусымға сақадай сай дайын екен.

– Жылу энергетика кешендері тарапынан жалпы 645,2 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде инвестициялық бағдарлама бойынша қарастырылған қаржы көлемі 222,4 миллион теңгені құрайды. Облыс бойынша 9 жылу энергетикасы кәсіпорындары бар. Олар бекітілген іс-шаралар кестесіне сәйкес жылу қазандықтары мен желілерді қысқа дайындауда. «ТаразЭнергоОрталық» акционерлік қоғамы жылыту маусымына дайындық аясында 237,7 миллион теңге қарастырды. Қазіргі таңда су жылытқыш, бу қазандығы секілді нысандар жөндеуден өтуде. Бұл мекемеде өткен жылыту маусымынан қалған 1 865 тонна резервтік мазут отыны бар, – деді Руслан Орынбасарұлы. Ол жылу тарататын негізгі ірі кәсіпорындардың жай-күйі мен ішкі кварталдық жылу жүйелері және қатты отынмен жылытылатын қазандықтардың газға ауыстырылу барысын да тілге тиек етті.

– Қазіргі таңда Тараз қаласының тұрғындарына ыстық су тұрақты беріліп, барлығы 919 көпқабатты тұрғын үй ыстық сумен қамтамасыз етілуде. Жыл сайынғы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу қажеттілігін ескере отырып, Тараз қаласында жаз айында 15 күннен аспайтын мерзімге ыстық суды уақытша тоқтату жоспарланып отыр. Жоспарланған жұмыстар жылыту маусымы кезеңінде тұтынушыларды үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы орайда айта кетер жайт алдағы 1 тамыздан бастап ыстық суды 15 күнге уақытша өшіру жоспарланды. Алайда, жылу беруші кәсіпорындар бұл мерзімді тағы бір аптаға ұзартуды өтініп отыр, – деді Р.Мұздықбеков.

Бұдан бөлек басқарма басшысының орынбасары жылу және ыстық су қызметтері бойынша қалыптасқан дебиторлық қарыз сомасы 968 миллион теңгені құрайтынын да сөз етті. Жиын барысында облыс әкімдігі денсаулық сақтау, білім, спорт және дене шынықтыру, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармаларының басшылары жылыту маусымына қатысты атқарылып жатқан шаруалар жөнінде есеп берді. Қазіргі таңда аталған салалардағы барлық нысандарда жылыту маусымына орай жылу жүйелерін жоғарғы қысымды сынақтан өткізу, дәнекерлеу, қазандықтардың өлшем құрылғыларын арнайы тексеруден өткізу, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу ісі атқарылып жатыр екен.

Leave A Reply

Your email address will not be published.