Жұмыссыздықты жоюға 18,7 миллиард теңге бөлінді

0 201

Тәуелсіздік лған қазақ елі үшін жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу оңай болған жоқ. Әлемдік экономикалық жүйеде аты енді таныла бастаған мемлекетімізде халықтың тұрмысын түзеу бағытында әлі де атқарылар шаруа көп. Соның бірі – елдегі кедейшілікті жою. Ал жұрт қысылып-қымтырыл сүрген өмірден басы бүтін арылуы үшін халықтың жаппай жұмыспен қамтылуы және өндіріс, бизнес, экономика секілді негізгі салалардың қарқынды дамуы қажет. Сонда ғана халықтың тұрмысы жақсарып, әл-ауқаты артады. Ал осы мақсаттарға қол жеткізу үшін мемлекет тарапынан қабылданған «Халықты жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының орындалуы маңызды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында аталған бағдарламаның өңірде жүзеге асырылу барысы сөз болды. Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әсел Шаймерденованың айтуынша, осы жылға облыста «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында барлығы 18,7 миллиард теңге қарастырылыпты. Жалпы құны 9,5 миллиард теңгені құрайтын 29 инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру көзделсе, оның ішінде 2,9 миллиард теңге облигация есебінен жүзеге асырылатын жобалар санатында екен. 5,9 миллиард теңге ағымдағы нысаналы трансферттер есебінен және 0,7 миллиард теңге – облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылатын жобалар көрінеді.

– Қазір 28 жоба бойынша конкурс жарияланып, оның 27-і бойынша мердігерлері анықталса, 22 жобаны жүзеге асыру қолға алынды. Инфрақұрылымдық жобалардың 9-ы әлеуметтік-мәдени нысандар, 20-сы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 704 уақытша, 487 тұрақты жұмыс орны ашылып, уақытша жұмыс орнының 560-ына адамдар халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары арқылы тартылатын болады. Бүгінде 109 жұмыс орны құрылса, оның 87-сіне жұрт халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары орналасты.

«Жұмыспен қамтудың жол қартасының» ІІ-бағыты бойынша микрокредитке 1,8 миллиард теңгеге 227 жобаны қаржыландыру жоспарланып, онда 295 жұмыс орындары ашылады. Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен жобалары бойынша 7,4 миллиард теңгеге 2 жобаны қаржыландыру жоспарланып, онда 215 жұмыс орындары ашылады деп күтілуде, – деді Әсел Уалиқызы.

Өңір басшысы Бердібек Машбекұлы аталған 29 жоба тек Тараз қаласы мен 5 ауданда, одан басқа аймақтар ешқандай жоба ұсынбағанына налыды.

– Егер жоба ұсынбасақ, мемлекеттен қаржыны қалай аламыз? Әр ауданда белсенді, ойы ұшқыр кәсіпкерлер бар. Олар мемлекеттің қамқорлығына алуы керек. Тараз, Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Т.Рысқұловтан басқа аудандарға инфрақұрылым қажет емес пе? Тағы бір көңіл аударатын мәселе – жарты жылда игерілген қаржы 11-ақ пайыз. Егер берілген қаржыны игермесек, үкіметтен қосымша қаржыны қалай сұраймыз? Кәсібін ашуға қолдау таппай жұмыссыз жүрген азаматтарға грант беру керек. Әр отбасының жағдайы мемлекет үшін маңызды. Аудан әкімдері осы мәселелерге көңіл бөліп, зерделесін, – деген Бердібек Машбекұлы жиын соңында жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.