Қысқы мал азығын қамдауға кірісті

0 217

«Қамданған қапы қалмайды» дейді халық даналығы. Ауыл қазақтары үшін мезгіл мәселесіне жүрдім-бардым қарамай, әр нәрсеге ықтияттылықпен дайындалу әу бастан келе жатқан үрдіс. Соның бірі – қысқы отын-су мен малдың жем-шөбі. Бүгінде шаруа біткенннің екі қолы мал азығын дайындаудан босамауда. Мәселен, жуалылық шаруалар қысқы жем-шөпті қамдауға ерте бастан-ақ кірісіп кетті. Шөбі шүйгін аймақта мал шаруашылығымен айналысушылар былтыр шөптен таршылық көрген. Оның басты себебі ретінде жергілікті шабындықтардан орылған шөптің сыртқа сатылып кетуін айтуға болады. Биыл  бұл мәселені аудан әкімі Олжас Қаржауов жеке бақылауына алды.

Енді кезекте жуалылықтар жемшөп қорын жасақтауда, сүрлем, пішендеме дайындауды қолға алады. Бұл істе аудандағы ірі шаруа қожалықтар аудандағы ұсақ шаруаларды мал азығымен қамтамасыз ету бойынша міндеттеме алады. Сондықтан аймақта  сүрлемдік жүгері мен көпжылдық шөп алқаптарының көлемін ұлғайтуға басымдық беріледі.

Ауданда шөп науқанының барысы, оның бағасы туралы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязовтан сұрап білген едік.

–Биыл шаруалар  135 мың тонна пішен, 11 мың тонна пішендеме және 12 мың тонна сүрлем мен 16 мың 800 тонна сабан дайындау бойынша міндеттеме алды.

Қазір аудандағы 23 мың 420 гектар алқаптағы көпжылдық шөптер орылды. Сол арқылы шаруалар  8  мың 772 тонна пішендеме мен 77 мың 104 тонна шөп дайындап алды.

Мал азығын мол қорын жасақтау үшін ауданда өндірістік кооперативтер құрылды. Қазірдің өзінде осындай 5 кооператив 127 гектарға жүгері дақылын екті. Оларда жыл аяғына дейін 7000 тонна көлемінде жүгері дайындалады.

Қолда бар малға қажетті азық дайындау үшін дақылдар негізінде техникалық карта жасалды. Сол карта негізінде біз аудандағы барлық шаруаларға қажетті мал азығының түрі, нақты көлемі сынды статистикалық деректермен танысып, әрекет етіп отырмыз, – дейді Жуалы ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Нұрғазыұлы.

Осылайша Жуалы ауданыың әкімді мал азығын дайындауда өндірістік кооперативтерге бірігу тәжірибесінің тиімділігіне көптің көзін жеткізіп отыр. Техникалық мүмкіндік бар. Материалдық базасы жабдықталған агроқұрылымдар мал азығын саудалаудан бұрын әуелі ішкі нарықты қамтамасыз етуге көңіл бөлгендігі де қуантады. Мұнда сүрлемді жүгері алқабының көлемін ұлғайту да өз нәтижесін берері анық.

Жуалылық өндірістік кооперативтері аудан шаруаларын жем-шөппен қамтамасыз етіп болған соң облыстың қажеттілігін өтеу бағытында жұмыс жүргізбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.