Жамбылдық жампоздар жарады

0 334

Білгеніңд күнделікті өмірде қолдана білу де өнер. Ал оны орайы келгенде сәтті пайдалануға, өз біліміңді дәлелдеуге көбіне интеллектуалды ойындарда мол мүмкіндік беріліп жатады. Бұл ойын негізінен адамды өз білім-білігіңнің деңгейін көрсетуіне, алған теориялық білімін өмірде дұрыс қолдана білуге, өз бетімен шешім қабылдай алуға, қажет кезінде шапшаң әрі дұрыс шешім қабылдауға дағдыландырады. Адамның ойлау қабілетін, ой ұшқырлығын, оқуға ынтасын арттыратын бұл ойын түрі қазір әлемде кеңінен тараған. Ізденімпаздық, ұйымдастырушылық қабілетпен қоса, адамның тәлім-тәрбиесіне де айтарлықтай әсер етеді. Адамды ұйымшылдыққа, әр нәрсеге қызығушылығын арттыруға, жауапкершілікті сезінуге, өзін-өзі тәрбиелеуге бағытталған аталмыш ойын өңірдегі жастар арасында оқта-текте болса да өтіп тұрады. Бұл сөзімізге жуырда облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен Жамбыл облысы әкімінің кубогы үшін өткен «Ойдода» интеллектуалды сайысы дәлел бола алады.

Елдік деңгейде ұйымдастырылған «Ойдода» сайысына Түркістан, Алматы облыстары мен Шымкент, Тараз қалалары және облысымыздың аудандарын қоса есептегенде 14 команда қатысты. Сан түрлі кезеңнен тұрған жастар арасындағы ойыннан қара үзіп алға шығу кмге болсын оңай соққан жоқ. Өзара бақ сынап, түрлі тақырыптардағы сауалдарға жауап берген қатысушылар арасында сүрініп жатқандар да болды. Өйткені ойынның әр кезең сайын сұрақтары күрделене түскен еді. Десе де өзінің білімі мен білігіне, дарынына, озық ойы мен тапқырлығына сенген жастар аталған қилы да қиын кезеңде өз мықтылықтарын дәлелдеді. Осылайша көп ішінде топ жарып, мәртебесі асқандардың алдыңғы шебінен жамбылдық жампоздардың көрінуі біз үшін үлкен мәртебе болды.

Нақты айтқанда аталған зияткерлік ойынның қорытындысы бойынша барлық қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып, қапы қалдырған Жамбыл ауданының «Жамбыл жастары» командасы еді. Олар сайыста І орынды иеленіп, облыс әкімінің кубогі ұтып алды. Сондай-ақ, тараздық «Ұлы сегіздік» командасы ІІ орынды олжаласа, түркістандық «Эрудит» командасы ІІІ орынға қол жеткізді. Тағы бір сүйіншілейтін қуанышты жайт, «Жамбыл жастары» командасының ойыншысы Нариман Бекетовтың осы ойында жеке-дара бағы жанғанын айта кетуіміз керек. Ол «Үздік ойыншы» аталымын жеңіп алды. Енді жерлестеріміз тамыз айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін сайыста облыстың намысын жыртатын болады. Сайыс жеңімпазы мен жүлдегерлер арнайы дипломдар мен марапатталып, оларға қаржылай сыйақы табыс етілді.

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.