Жамбыл облысы Қызылорда өңіріне 33 тонна шөп жөнелтті

0 232

Жамбыл облысы Қызылорда өңіріне 33 тонна шөп жөнелтті. Игілікті іс аталған өңірде қуаңшылық орын алуына байланысты аймақтың белсенді азаматтарының ұсынысымен қолға алынды.
Осылайша, Шу, Луговой, Жанатас және Тараз қаласы темір жол стансаларындағы вагондарға облысымыздың барлық аудандарынан келген жоңышқа, пішен және табиғи шөп артылып, Сыр еліне жол тартты.
Бұл шараға Байзақ ауданындағы Ынтымақ ауылдық округіне қарасты «Бірлік» шаруа қожалығы да өз үлестерін қосып, 300 бау жоңышқа берген.
— Сын сағатта бірлігіміз сыналады, бірге болсақ – ынтымағымыз нығаяды. Біздің бүгінгі жасап жатқан амалымыз уақыт оздырмай, қуаңшылыққа тап болған ағайынға шөпті ертерек жеткізу, — дейді байзақтық «Бірлік» шаруа қожалығының жетекшісі Рүстем Ақылбеков.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Амановтың айтуынша, аймақта қажетті ірі сабақты мал ағызы қоры жеткілікті.
— Бүгінгі таңда облысымызда мал азығын дайындау жұмыстары жалғасын табуда. Мал қыстауын қалыпты өткізу үшін 1,7 миллион тонна пішен дайындау жоспарланған. Бүгінде 1,5 миллион тонна пішен, 58 мың тонна пішендеме дайындалды. Алда сүрлем дайындау науханы тұр. Жалпы облыста мал ағызына қажетті ірі сабақты мал ағызының қоры қажет мөлшерде жиналды. Енді, міне, өңір шаруаларының ұсынысымен қуаңшылықтан зардап шеккен Қызылорда облысының Арал қаласына, Сексеуіл кенті мен Қамыстыбас ауылдық округіндегі шаруаларға жем-шөп жеткізілетін болады, — дейді ол.
Жамбыл облысының жұртшылығы қызылордалық ағайындарға әрі қарай да көмек көрсететіндігін жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.