Коледждердің сапасы сенімгерлік басқаруға берілу арқылы артады
Сапалы маман дайындауда елімізде жүргізіліп жатқан оқыту жүйесіне келтірер шек жоқ. Бірақ өңірімізде орта арнаулы білім беретін мекемелердің дені кадр дайындауда, яғни өз түлектерінің болашағының баяндылығына, олардың ертеңгі күні мандыға бойынша жұмыс табу мүмкіндігіне ие болуына бас ауыртқысы келмейтін секілді. Бұған облыс аумағындағы 46 колледждің 23-інің заман талап етіп отырған сұранысқа ие мамандар дайындаудың орнына қажетсіз мамандықтарды оқытумен айналысуы дәлел бола алады. Тіпті кейбірінің студенттерге беріп жатқан білімінде сапа жоқ. «Бала оқытып отырмыз» деген аты ғана бар колледждерді бәсекеге қабілетті етіп, адамға мамандық беруде заман ағымына қарай икемдеу үшін қандай амал бар? Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында осы мәселелер кеңінен қаузалды. Онда колледждерді сенімгерлік басаруға беру мәселесі сөз болып, кәсіптік және техникалық бағыттағы мамандар дайындау ісін ширату қажеттігі тәптіштелді.
Облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Жамаловтың айтуынша, аталған басқарма кәсіптік-техникалық білім беретін колледждерді сенімгерлікке беруге ниеттенгенімен жеме-жемге келгенде кәсіпорындар білім ордаларынан түсетін пайда жоқтың қасы болғандықтан, оларды қарамағына алудан бас тартып жатқан көрінеді. Бизнес-қауымдастық өкілдерінің №5 Жаңатас, №17 Жамбыл, №2 Қаратау колледждерін басқаруға алудан үзілді-кесілді бас тартуына осы жайт себеп болыпты.
– Бір ауданда бірнеше колледж бар. Соның кейбірін бітірген студенттер өз мамандығына жетік емес. Болашақта еңбек ететін мамандығынан мақұрым жастар оқуда жүріп белгілі бір өндіріс орнына бармаса, ондағы жұмыстың қалай атқарылатынын көзбен көріп, көңілмен сезінбесе кімге өкпелейміз? Мысалға не студент кезінде, не жұмысқа тұрғанда бір де бір мәрте егіс даласына аттап баспаған ауыл шаруашылығы мамандары бар екені жасырын емес. Соның барлығы кезінде арнаулы орта білім беретін мекеменің ауыл шаруашылығы саласындағы мемекемелрмен әріптестік байланыс орнатпаынан туындаған мәселе. Сондықтан кез келген салада студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуін қатаң қадағалау керек. Оқу ордаларын біріктіріп, сапалы білім беруге көшу заман талап етіп отырған міндет. Негізінде студентер уақытының 60 пайызы өндіріс орнында, 40 пайызы білім мекемесіне арнауы қажет. Сонда ғана жастардың өз саласы бойынша біліктілігі артады. Облыстық білім басқармасы Білім және ғылым министрлігіне шындықтан алшақ ақпарат беруді доғаруы керек. Кәсіпорындарды аралап, басшыларымен тілдесу барысында өзімізде дайындалған мамандардың көпшілігінің біліктілігі нашар екенін, олар алған мамандықтардың өндіріс саласына еш қажеті жоқ екеніне көз жеткіздім, – деді Б.Машбекұлы.