Жамбылдықтар «Нұр-Сұлтан» қаласына жолдама алды
Жуырда облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен Жамбыл облысы әкімінің кубогы үшін «Ойдода» интеллектуалды ойыны өткізілді. Түркістан, Алматы облыстары мен Шымкент, Тараз қалалары және облыс аудандарынан келген 14 команда өзара бақ сынап, түрлі тақырыптардағы сауалдарға жауап берді. Әр кезең сайын сайыс сұрақтары күрделене түскенімен білімге сенген жастар барлығына тез әрі нақты жауап беруге тырысты.
Зияткерлік ойынның қорытындысы бойынша барлық қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып, қапы қалдырған ауданымыздың «Жамбыл жастары» (Жамбыл ауданы) командасы І орынды иемденіп, облыс әкімінің кубогіне қол жеткізді. Сондай-ақ, тараздық «Ұлы сегіздік» командасы ІІ орынды олжаласа, түркістандық «Эрудит» командасы ІІІ орынға тұрақтады. Тағы бір мақтана айта кетерлігі, «Жамбыл жастары» командасының ойыншысы Нариман Бекетов «Үздік ойыншы» аталымын жеңіп алды. Енді жерлестеріміз тамыз айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін сайыста аймақ намысын қорғайтын болады.
Сайыс жеңімпазы мен жүлдегерлеріне арнайы дипломдар мен қаржылай сыйақы табыс етілді.
Құрбанәлі Шахабай,
Жамбыл ауданы