Жерді де, суды да тиімді пайдалану қажет

0 414

«Көктемнің әр күні – жылға азық» деп халқымыз дәл айтқан, тірнекті тіршіліктің тінін жалғап жүріп айтқан. Сол көктем мезгілі келіп қалды. Енді санаулы күнде нағыз қарбалас басталмақ. Жауапты да маңызды науқанға қаншалықты дайынбыз? Техника күші мен себер дәніміз жеткілікті ме? Су келетін арық-атыздардың жай-күйі көңіл көншітеді ме? Жоба-жоспарларды орындап, меже биігінен көрінуге мүмкіндігіміз қандай?
Осы сұрақтардың жауабын іздеген аудан әкімі Сәкен Арубаев әкімдік мәжілісін өткізіп, көктемгі дала жұмыстарына дайындық және жерді тиімді пайдаланудың шаралары туралы мәселені талқылауға ден қойды.
Мәжілісте хабарлама жасаған аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Темешбаев биылғы егіс жұмыстарын сапалы және дер кезінде өткізуге әзірліктің басталып кеткенін мәлімдеді. Көңілге қонымдысы сол, егіс көлемі былтырғымен салыстырғанда 360 гектарға артық межеленіп отыр. 13000 гектар жаздық арпа, 1800 гектар дәндік жүгері, 2938 гектар майлы дақыл, 580 гектар картоп, 8100 гектар көкөніс, 740 гектар бақша, 400 гектар қант қызылшасын егу жоспарланған.
Бір қиындық, соңғы жылдары өңірде егінсу тапшылығы кәдімгідей сезілуде. Осыған байланысты егістікті ылғалдандыруда су үнемдеу технологияларын қолданудың маңызы артып келеді. Бұл технология бойынша тартылған инвестицияларды субсидиялау бағдарламасымен тамшылатып суару қондырғылары құнының 25 пайызы төленуде. Былтыр ауданда тамшылатып және жаңбырлатып суарылған алқаптар көлемі 4990 гектарды құраған еді, биыл бұл көрсеткішті 5600 гектарға жеткізу көзделген. Әзірге жаңбырлатып суару құрылғысына ауылдық округтерден 21 өтінім түсіп, 4 шаруа қожалығы құрылғыны алып үлгерді.
Ауылдық округ әкімдерінің мәліметі бойынша алдағы көктемде 7 округтегі 12 шаруашылық қант қызылшасын егуге ниет білдіріп отыр. Тәтті түбір тұқымын күзде жиналатын өнім есебінен «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы беретін болды.
2020 жылы аудан бойынша 418 млн 463 мың теңгеге 104 техника алынып, техника 10 пайызға жаңартылды. Қазіргі таңда қолда бар трактор, соқа, тырма, дәнсепкіш, қопсытқыш, тұқым улағыштың барлығы дерлік дала жұмыстарына дайын тұр. Бұл ретте айта кететін маңызды бір мәселе, биыл «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы ескі техникаларды өткізіп, жаңасына ауыстыру бағдарламасы іске асырылуда. Ескі техниканың тәуелсіз бағалаушылар қойған құны жаңадан алатын техниканың бастапқы жарнасы болып табылады да, алынған жаңа техниканың зауыттағы құнының 25 пайызына мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Яғни, өте тиімді және тым арзанға түседі. Бүгінге дейін 7 ауылдық округтегі 10 шаруа қожалығынан 15 жаңа техникаға өтініш беріліп, бір қожалық жаңа трактор алды.
Биыл көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 1000 тонна кепілдендірілген дизель жанармайы бөлініп, таратушы операторлары белгіленді. Бұған қоса, арзандатылған бағамен минералдық тыңайтқыштар алу, тұқым дайындау жұмыстары да қолға алынған.
Жамбыл өңірінің суармалы өңірлерін тиімді пайдалану мақсатында су балансын зерделеу үшін құрылған арнайы жұмыс тобы аумақтағы каналдардың жағдайын көріп қайтты. Зерделеу нәтижесінде биыл егінсудың жетіспейтіндігі анықталды. Сол себепті жерасты суларын пайдалану, яғни ескі ұңғымаларды қалпына келтіру немесе жаңадан қазу арқылы су тапшылығын жою болжамданған. Анықталып отырған 20 ұңғыманы іске қосқан жағдайда жалпы көлемі 1084 гектар егістікті жерасты суымен қамту мүмкін болмақ.
Бөлім басшысының хабарламасын тыңдаған Сәкен Қаланұлы тиісті сала жетекшілері мен ауылдық округ әкімдерінің назарын қазіргі уақытта өте күрделі әрі өзекті болып отырған су үнемдеу технологиясы мәселесіне аударды. Су тапшылығы болатынын біле тұра, қожалықтардың жаңбырлатып суару қондырғыларын алуға өтінім бермей отырғанына алаңдаушылық білдірді. Жөнделіп жатқан каналдардың жай-күйі де көңіл құлазытады. Басшы осының себебін сұрады, тапсырмалардың орындалуын қатаң талап етті. Жерасты суларын пайдалану, ұңғымаларды іске қосу бойынша жүйелі жұмыс атқарылуы керектігін ескертті. Техниканы жаңарту, жанармайға өтінім тапсыру, тұқым сапасын жақсарту ісінде де енжарлық басым екенін атап көрсетті. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптарды айналымға қосу, пайдаланылмай жатқан жерлерді аудандық жер қорына қайтару, жайылым жайын зерделеу жұмыстарын мықтап қолға алудың маңыздылығына тоқталып, жауапты адамдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Саладағы жағымды жаңалықтарды, бағалы бағдарламаларды, жеңілдіктерді ауылдардағы әрбір шаруаға уақытында жеткізіп, мән-жайды жекелей түсіндіру қажеттігін қадап айтты.
Аудан әкімдігінің мәжілісінде қаралған осы және басқа да мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.