Тапсырма тиянақты орындалуда
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қызметке кіріскеннен ашықтық пен халықпен кері байланысқа ерекше назар аударды. «Әлеуметтік желі жұмысына ерекше көңіл бөлу қажет. Әр мемлекеттік қызметкер әлеуметтік желіде өз саласы бойынша белсенді болуы керек. Ғаламтор ғасырында бұл – міндет. Олар онлайн-режімде желідегі пікірталастарға қатысып, халық пен қоғамның сұрақтарына жауап бере алады», деп кері байланыстың маңыздылығына айрықша назар аударған болатын Мемлекет басшысы.
Президенттен пәрмен түсісімен әр өңірдегі түрлі деңгейдегі әкімдер мен басқарма басшылары әлеуметтік желілерге жаппай тіркеле бастады. Жамбылдық шенділер де жаңашылдықты жатсына қоймады. Жаппай желіге тіркеліп, Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда негізгі тетіктердің бірі саналатын әлеуметтік желілерді тиімді әрі белсенді қолдануға тырысты.
Нәтижесі де жаман емес. Мәселен Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру, халықтың талап-тілегіне дер кезінде жауап беру, сұранысын назарға алу мақсатында Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаевтың тапсырмасымен ауданға қарасты 17 ауылдық округтің әкімдері әлеуметтік желіде өз парақшаларын ашқан. Ондағы басты мақсат — халықтың сауалына тікелей жауап беру, өтініш-тілектерге жедел әрекет ету. Бүгінгі таңда аудан басшысының бұл ұсынысы өз жемісін беріп жатыр.
Сөзіміз дәйекті болуы үшін, бір мысалды сөзімізге арқау етсек. Жуырда Жамбыл ауданы әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасына Аса ауылын Т.Рысқұлов көшесінің тұрғыны тарапынан көшені жарықтандыруға байланысты сұрақ түскен. Тұрғынның сауалы жедел назарға алынып, Аса ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қалшынбетке жолданған. Ал ауыл әкімі сұранысты қанағаттандыру мақсатында тиісті мекемелерге байланысқа шығып, аталмыш мекенжайда көрсетілген шамдарды қайта іске қосқан.
Әрине әкімдердің әлеуметтік желідегі белсенділігіне қарап жұмысына баға беруге болмас. Дегенмен бүгінде әлеуметтік желінің жұртшылықпен байланыс орнатудың таптырмас құралына айналғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Егер әрбір басшы халықпен кері байланыс орнатуға ыждаһаттылықпен көңіл бөлсе, көп мәселе ушықпай шешілген болар еді.