Егін сайлы, көңіл жайлы
Несібесін жерден терген, көктем мен жазда маңдайын күнге қақтаған дихандар қауымы үшін қазір қауырт шақ. Жауапты науқанға білек сыбана кіріскен жер емген диқандар жайдары жаздың әр сәтін қалт жібермей, астық ору қарқынын үдете түскен. Алтын астықты ысырап қылмай, жиналған дәнді қамбаға құйып алу мақсатында бел жазбай еңбек етуде.
Жалпы орақ науқаны ырғалып-жырғалуды, кідіріс пен кешеуілдеуді көтермейді. Сылбырлық сан соқтыруы мүмкін. Ал биыл да өңір әлеуетін арттыруға айтарлықтай үлес қосуды міндеттеріне алған облыс шаруалары егінге дер кезінде орақ салып, дала төсінде еңбектің көрігін қыздыруда. Бүгінгі таңда облыста егін ору науқаны, масақты дәнді-дақылдар өнімін жинау жұмыстары қызып тұр. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, биылғы жылы облыс бойынша 386,6 мың гектардан астам жерге дәнді масақты дақылдар егілсе, оның ішінде 167,8 мың гектарға бидай, 218,8 мың гектарға арпа себілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 27,5 мың гектарға артық.
Бүгінгі күні облыста алғашқылардың бірі болып Байзақ, Жамбыл және Меркі аудандары егістікке орақ салды.
Биыл байзақтық диқандар 8,7 мың гектарға бидай, 12,7 мың гектарға арпа сепсе, жамбылдық шаруалар 4,5 мың гектарға бидай, 13,9 мың гектарға арпа, меркіліктер 28,0 мың гектарға бидай, 28,4 мың гектарға арпа еккен болатын.
Жалпы ағымдағы жылы астық ору науқанына 866 техника жұмылдырылатын болады.
–Шыны керек жерге алғаш дән сепкенде көңілде мың күдік болады. Тілсіз жау өттің салдарынан немесе ауа райына байланысты бір пәсте бар еңбегің зая кетіп, шығынға батуың мүмкін. Бірақ, шүкір биылғы жылы тосын жағдайлар туындамай, бейнетіміздің зейнетін көретін шаққа да таядық. Ендігі мақсатымыз-өнімді ұқыптап жинап алу. Бұл ретте де ешқандай мәселе туындап тұрған жоқ.
Келешекте егіс даласының көлемін ұлғайтып, жеңілдетілген несие арқылы қосымша тағы да техникаларды алуды көздеп отырмыз. Егіс науқанында техниканың атқаратын рөлі орасан зор. Өйткені онсыз ешбір жұмыс бітпейді, – дейді байзақтық диқан.
Міне, осылайша қазіргі кезде Жамбыл облысында жоғарыда айтылғандай егіс ору науқаны күннен-күнге қарқын алып келеді. Ендеше іске сәт демекпіз!