Судағы қауіпсіздік қадағалануда
Шу ауданының қысы жұмсақ, жазы ыстық, болғаныдқтан, ауаның жылдық орташа температурасы қаңтарда – 6 – 9°С, шілдеде 24 – 25°С деңгейінде болады. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 150 – 250 мм. Аудан жерінімен Шу өзені және оның алабындағы Ақсу, Тоқтас, Қорағаты, Қайынды, Сарықау, Майтас, Еспе, Шоқпар, Теректі, Ойранды, Шатыркөл, Үңгірлі атты өзендері ағады. Шу өзендеріне ірі Тасөткел бөгеті және Аспара, Ақсу, Новое, Тәтті, Шілік, Шөмішті атты шағын бөгеттер салынған. Көлдердің аумағы негізінен шағын болғанымен, Қаракөл, Бесқатын, Тоғызкөл, Сарықұдық, Жарқұдық, Жантақты, Апанай, Қобы, Далаңқұдық, Тақыр, Қарақұдық, Алаботалы су айдындары қай кезде де елеулі. Мұны сөз етіп отырған себебіміз, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әр кез апараттық кеңесте аудан әкімдері мен тиісті сала қазметкерлеріне су айдындарын тиімді пайдалану, одан келетін қауіпті алдын ала зерделеп, кез келген іске дайын отыру жөнінде үнемі тапсырма беріп отыратынын білеміз.
Тегінде мал-жанға өрт, су, сел секілді табиғи апаттан келетін залал көп. Ал оның алдын алу адам өмірі үшін аса маңызды. Шу ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Тимур Қалиевтың аудан аумағындағы су айдындары мен каналдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әрбір ауыл әкімдіктермен бірлесіп, шомылу маусымында су айдындары мен өзендерде төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту мақсатында алдын ала жұмыстарын жүргізуге ден қоюы берілген тапсырманың жүзеге асуының көрінісі деп білеміз. Тимур Болатұлының мәлімдеуінше, ауданда азаматтардың шомылуы мен демалуы үшін пайдаланатын 2 шомылу орыны бекітілген екен. Т.Қалиев судағы төтенше жағдайдың туындау қаупін төмендетудің ең пәрменді тәсілі әрі маңызды әдістерінің бірі халықпен, әсіресе балалармен судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша ақпараттық-профилактикалық жұмысты үздіксіз жүргізу екенін айтады.
– Судағы қауіпсіздікті сақтау жөнінде аудан тұрғындары арасында 500-ден астам үгіт-насихат жаднамалары таратылып, су айдындарында 27 қауіпсіздік белгісі орнатылды. Жалпы аудан көлемінде Республикалық мәні бар Тасөткел су қоймасы мен 6 – кіші су қоймалары және Шу, Қорағаты өзендері бар. осы су айдындары үнемі біздің назарымызда. Жақында Шу ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі мен жергілікті атқарушы орган, медициналық апаттан құтқару, Аудан полиция бөлімі және Лидер еріктілер тобымен бірлесе отырып аудан аумағында Шу өзені бойында тұрғындар арасында үгіт — насихат жұмыстары жүргізілді. Мұндағы басты мақсат – су жағалауында спирттік ішімдіктер ішуге болмайтынын және жас балаларды қараусыз қалдыруға жол берілмейтінін әр азаматқа түсіндіру. Әр іс-шара барысында осы қауіпсіздік ережелері тұрғындарға кеңінен түсіндіріліп, суға кеткен адамға алғашқы медициналық көмектің қалай көрсетілетіні тәптіштеледі, – дейді ол.