Жол – экономиканың күре тамыры

0 309

Мемлекет басшысы қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында «Нұрлы жол» бағдарламасының бірінші кезеңі табысты жүзеге асырылғанын сөз ете отырып, бүгінде елімізде көлік жүйесінің жаңа инфрақұрылымдық ұстыны қалыптасқанын сөз еткен еді. Президентіміз аталған Жолдауда : «Еліміздің жаһандық көлік дәліздерімен интеграциялануы қамтамасыз етіліп, Азия мен Еуропаны байланыстырған Қазақстанның тарихи мәртебесі қалпына келтірілді.

Дегенмен, бұл саладағы бәсекелестік өте күшті. Орталық Азия өңірінде пайда болған баламалы жобалар Қазақстанның көлік әлеуетін төмендетуі мүмкін.

Сол себептен «Нұрлы жол» бағдарламасының екінші кезеңі еліміздің көлік-транзит секторының жетекші рөлін бекемдеуге арналуы керек.

Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі тың инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, жаңа мемлекеттер мен компанияларды тарту, қызмет көрсету сапасын жақсарту және транзиттік бағдарлардағы жылдамдықты арттыру есебінен өсуге тиіс», – деп атап көрсеткен болатын.

Жолдау жүктеген міндеттер өз өңірімізде де табысты жүзеге асырылуда. Мәселен Әулиеата өңірінің жартсысына жуық жерін алып жатқан Мойынқұмның негізгі күре тамыры саналатын жолдардың талапқа сай болуына бүгінде баса мән беріліп отыр. Ұлан-байтақ елімізде ұшы қиыры жоқ мекен саналатын бұл ауданның аумағы –5939 шаршышақырым. Шекарасының ұзындығы 1285 шақырым. Жезқазған, Балқаш, Алматы іспетті өзге өңірлермен шектесетін аталған аудандағы автомобиль жолының ұзындығы 896,4 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 342 шақырым болса, облыстық маңызы бар жолдардың ұзындығы – 512 шақырым, қалған 42,4 шақырым аудандық маңызы бар жол.

– 2019 жылдан бастап Меркі-Шу-Бурылбайтал және Нұрсұлтан-Алматы автожолының құрылыс жұмыстары басталған болатын. Осы жылдың қыркүйек айында Меркі-Шу-Бурылбайтал және Нұрсұлтан-Алматы автожолдарының құрылысы аяқталады деп күтілуде. Сол кезде аудан аумағынан өтетін республикалық маңызы бар жолдардың жол мәселесі шешімін табады. Биылғы жылға автомобиль жолдары саласына 480 ммиллион теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде жергілікті бюджеттен 113,3 миллион теңге, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында жоғары тұрған бюджеттер есебінен 366,6 миллион теңге қарастырылды, – дейді аудан әкімі Мәден Мұсаев.

Аталған қаржыға Мойынқұм ауданы елді мекендеріндегі көшелерді жөндеу көзделіпті. Атап айтқанда Бірлік ауылындағы 10 көше, Биназарда 3, Мыңаралда 2, Қылышбайда 3 және Қарабөгет ауылында 2 көше, яғни бас-аяғы 20 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болыпты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.