6 мыңнан астам мойынқұмдық індетке қарсы екпе салдырған

0 223

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында»: «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша пандемияны жеңу үшін кем дегенде 2 жыл қажет. Алдағы айларда күш-жігерімізді барынша жұмылдыра жұмыс істейтін боламыз. Осыған дайын болуымыз керек. Мәселе туындаған кезде ғана шұғыл қимылдамай, алдын ала шаралар қабылдап, барлығын жан-жақты ойластырып жұмыс істеуіміз керек. Барлық шешімдер мұқият тексерілген болжамдарға негізделуге тиіс», – деген еді.

Коронавирус инфекциясымен күрес Мойынқұм ауданында да жүйелі жүргізілді.Аудан әкімі Мәден Мұсаев бүкіл әлемде қазіргі уақытта коронавирус пандемиясы белең алып отырғанын сөз ете отырып, жыл басынан бері ауданда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 76 адамды құрағанын сөз етті.

– Мойынқұм ауданында коронавирус індетін емдеу және оқшаулау шараларын ұйымдастыру мақсатында жалпы — 50 төсек қоры жасақталған.

Ағымдағы жылдың 5 наурызынан бастап ерікті түрде COVID-19 инфекциясына қарсы екпемен қамту жұмыстары басталды. 5 айдың қорытындысымен 6057 адам екпемен қамтылды. Мойынқұм ауданы аумағында індетке байланысты санитарлық талаптарды бақылайтын 4 мониторинг тобы құрылған. Арнайы құрылған   мониторингтік топтар тарапынан 138 рейд ұйымдастырылды. 175 нысан тексеріліп, 15 заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде 15 тұлғаға  656,3 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, соның ішінде 14 айыппұл өндірілсе, 1 айыппұл сот орындаушыға жолданды– Мәден Тоқтарбайұлы.

Жалпы ауданда тұрғындарға 25 денсаулық сақтау нысаны қызмет көрсетеді екен. Нақты айтқанда, бір аурухана, 8 дәрігерлік амбулатория,  5 фельдшерлік-акушерлік тірек, 5 медициналық тірек, 1 жеке тіс клиникасы медициналық бағытта жұмыс істеп тұр.

Бұл ауданда білім саласын дамыту ісі де  кең жолға қойылған. Мұнда барлығы 45 білім мекемесі бар екен. Оның 24-і мектеп болса, 15-і балабақша, 5-еуі мектептен тыс мекеме, 1-еуі коррекциялық кабинет. Мектептерде жалпы 983 педагог жұмыс істейтін көрінеді. 2020-2021 оқу жылында 5938 оқушыны қамтитын 24 мектеп жұмыс істеген. Төртінші тоқсаннан бастап барлық оқушылар дәстүрлі режимде оқытылған. Биыл түлектер ұлттық бірыңғай тестілеуді электронды форматта тапсырып жатыр екен. 2020-2021 оқу жылын 297 түлек аяқтаған. Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу ағымдағы жылдың 30 сәуірі мен 30 маусымы аралығында белгіленіп, оған қатысу үшін 191 түлек өтініш берген.

Осы жылдың қаңтар айында өткен Ұлттық бірыңғай тестілеуге 244 түлек (82,7%) қатысып, орташа балл 52,5 пайызды көрсетіпті. 10 наурыз бен 10 сәуір аралығында ақылы өткен Ұлттық бірыңғай тестілеуге 229 түлек (76,8%)  қатысып, орташа балы 61,9 пайызды құрапты

Leave A Reply

Your email address will not be published.