Кемел халық болу жолында

0 322

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында еліміздің 30 жылдағы жетістіктерін атап өтті. Иә, жетістіктеріміз аз емес. Мемлекет басшысын «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекетімізді нығайта түсу үшін тағы қандай жұмыстар атқарылуы тиіс?» деген сұрақтар толғандыруда. Осы орайда еліміздің дамуы, жеріміздің көркеюі үшін үлес қосар азамат ретінде өз пікірімді білдіргім келеді.

Президент отыз жылда еліміздің атқарған істері мен жеткен жетістіктерін талдап, саралауды үш онжылдыққа бөліп қарастырып, алдағы он жылдағы жоспарды атап көрсетті. Мақаланың маңыздылығы сол, Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында әрбір қазақстандықтың «Мен елім үшін не істедім?» деп ойлауына ойтүрткі болды.

Тәуелсіздік алған жас мемлекеттің отыз жылдық тағдыры мен шыққан белесін көреміз. Халқымыздың осы жылғы уақыттағы танымы мен алған тағылымы, қоғамның қалыптасуы мен ұлттың құндылықтары егжей-тегжейлі айтылған. Сонымен бірге, Тәуелсіз ел болғаннан бергі халқымыздың өткеннен ұлағат алып, келешекке нық ұстаныммен қадам басуына жөн сілтеп отырған мақала деп ойлаймын.

– Біз қастерлі Тәуелсіздіктің отыз жылдығына қадам басамыз. Бұл – баршамызға ортақ өнегелі өлшем, тағылымды кезең. Жаңа мемлекет құруға атсалысқан бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің тарихи шежіресі. Сондықтан, мен келесі жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жарияладым. Өткен әрбір он жылдық атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр. Алғашқы он жылдық егемен Қазақстанның өз дербестігін қалыптастыру кезеңі болды. Екінші он жылдықта еліміз тұғырын нықтап, керегесін кеңейтіп, іргесін бекітті. Үшінші он жылдықта мемлекетіміз шын мәнінде кемеліне келіп, әлемдік саясаттың төріне озды, – дейді Президент.

Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Еліміз тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі отыз жыл ішінде етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Бұл атадан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі. Қазіргі уақытта Егемен Қазақстанды бүкіл әлем таныды.

1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз Президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы, ұлттық валютасы болды. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптасты. Осы жылдар ішінде елімізде қыруар істер атқарылды.

Мемлекет басшысы өзінің мақаласында «Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет», — делінген. Президент мақаласында қазақ тілін дамыту, ұлттық құндылықтарымызды түлету, киноөнерін өркендету, саяси реформалар, білім мен ғылым саласын дамыту, адам капиталының сапасын арттыру сияқты аса маңызды мәселелерге тоқталды. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен дүниеге келген «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларының жалғасы деп бағалауға болады.

Адам, тұтастай алғанда, ұлт өз бақытының ең биігін Тәуелсіздігінен көреді. Өзінің еркін ел, тәуелсіз мемлекет екенін сол арқылы дәлелдейді. Осыған жеткен біз, әрине бақыттымыз. Жандүниеміздегі жаңғырып жатқан жасампаздықтың рухани қуатымен өркениетті өмірге бет алып бара жатырмыз. Ең басты мұраты – Тәуелсіздікке жеткен елдің ең басты сенімі – ертеңі. Өмірде болып жататын қат-қабат, қилы-қилы табиғи құбылыстардың қай-қайсысында да сол сенім арқылы абыроймен алға баса береміз.

 

Елнұрбек ЕРМЕКОВ,

Байзақ аудандық білім беру қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.