Сарысуда халықаралық деңгейдегі екі жоба жүзеге асуда

0 302

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану.

Осы саладағы табыстарымызға қарамастан, ішкі нарықтың зор мүмкіндіктерін әлі де болса толыққанды жүзеге асыра алмай келеміз. Өңделген тауарлардың үштен екісіне жуығы шетелден әкелінеді.

Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажет. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды», – деп нақты атап көрсетті.

Бүгінде Сарысу ауданының өндірісі күн өткен сайын өркендеп келеді. Мәселен 2000 жылы ауданда өнеркәсіп саласында шығарылған өнім көлемі 506,3 миллион теңгені, ал тартылған инвестиция көлемі 27,0 миллион теңгені құраса, осы жылдың 4 айында ауданда өнеркәсіп саласында шығарылған өнім көлемі 10,4 миллиард теңгеге, ал тартылған инвестиция көлемі 6-8 миллиард теңгеге жетіпті. Аудан әкімі Мұрат Сұлтанғалиев бұл көрсеткіш негізінен аудан экономикасы өнеркәсіп саласына бағытталғанын айғақтайтынын айтады.

– Аудан өнеркәсібінің негізін «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені мен «ЕвроХим» компаниясы құрайды. Тау-кен өңдеуші кәсіпорын фосфор шикізатын өндірумен және оны ұсақтаумен айналысып, ауданда ғана емес, облыс бойынша тау-кен өңдеу саласының дамуын қамтамасыз етіп отыр. Қаңтар айынан бері өнеркәсiп кәсiпорындары 14 миллиард теңгенің өнімдерін өндіріп, нақты көлем индексi өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102 процентті құрап отыр. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі – 6,8 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101 пайызға артты, – дейді аудан әкімі.

Мұндағы экономиканың ілгері басуына шағын және орта бизнестің қосып отырған үлесі де зор екенін айта кету керек. Шағын және орта бизнес субъектілерінің ішіндегі белсенділердің саны бүгінде 2 749-ға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 103 пайызға артқан.

Соңғы он жыл ішінде жер асты пайдалы қазбаларын өңдеу мақсатында екі ірі инвестициялық жобалар іске асырылыпты. Олар – «Еврохим» және «ҚазФосфат» компаниялары. Алдағы 5 жыл ішінде жалпы құны 600 миллиард теңгеден асатын 11 инвестициялық жоба іске асырылу үстінде екен. Республикалық индустриаландыру картасына енгізілген Ресей және Түркия мемлекеттерінің қатысуымен халықаралық деңгейдегі екі бірдей ірі инвестициялық жоба жүзеге асу үстінде. Нақты айтқанда, «ЕвроХимҚаратау» компаниясының минералды тыңайтқыштар өндіру зауытының 2-ші кезеңі мен «Қазақсода» компаниясының кальцилендірілген сода өңдіру зауыты іске қосу жұмыстары жүріп жатыр екен. Президент айтқан «Өнеркәсіптік әлеуетті толық пайдалану» осындай қадамдардан басталары сөзсіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.