Сегіз спортшыға сыйақы тағайындалатын болды
Енді не бары бір айдан кейін Токио Олимпиадасы басталатыны баршаға мәлім. Дүниенің төрт бұрышы көз тіккен дүбірлі додаға әлдемнің кез келген елі осал спортшысын жібермейтіні белгілі. Қазақ елінің де дуы басым додада намысын қорғайтын спортшылар уақытында іріктеліп, есімі елге белгілі болған сайыпқырандар. Олардың арасында өз өңіріміздің сегіз спортшысы бар. Жақында осы Олимпиада және Паралимпиада жолдамасының иегерлерімен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта арнайы кездесіп, еркін тақырыпта әңгіме-дүкен құрды.
– Кез келген мемлекеттің әлемге танылуына спортшылардың қосатын үлесі зор. Сіздер арқылы да қазақ елін өзгелер танып жатқаны даусыз. Әулиеата жері талай таланттарды тудырған құтты мекен. Бұдан бұрынғы да Олимпиадалар мен өзге де әлемдік додаларда талай жерлестеріміз жеңімпаз атанып, абыройымызды асқақтатқан еді. Соның барлығы да төккен тер, еткен еңбек пен намысты қолдан бермеу жолындағы рухтың мықтылығы арқылы келеді.
Соңғы отыз жылдың бедерінде Әнұранымыз шырқалып, көк Туымыз көтерілмеген Олимпиада болған емес. Міне кезекті Олимпиада келе жатыр. Індетке байланысты Олимпиада бір жылға шегерілгенімен алауы тұтанатын күнге айдан астам ғана уақыт қалды. Сондықтан сіздермен бас қосқанды жөн деп таптық. Олимпиададан бөлек Паралимпиада ойындарының да маңыздылығы зор. Бұл ретте тұңғыш рет ел тарихында жүзуден Паралимпиада чемпионы атанған Зулфия Габидуллинаның еңбегі ерен.
Сіздерге тек ақжол тілеймін. Алла амандығын берсе сіздерді тек жеңіспен қарсы алайық, – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Елдос Сметов спортшыларға қолдау білдірген облыс әкімдігіне алғыс білдіріп, аламанда атойлаап шауып, басқалардан басым түсу үшін барын салатынын айтты. Рио Паралимпидасының чемпионы Зульфия Габидуллина жарыс алдындағы оқу-жаттығу жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын сөз ете отырып, әріптестеріне жеңіс тіледі. Футболдан Ұлттық құрама мен ресейлік «ЦСКА» клубының ойыншысы Бахтиер Зайнутдинов те өз лебізін білдіріп, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа «ЦСКА» клубының жейдесін сыйға тартты. Өз кезегінде аймақ басшысы футбол ойынының жанкүйері ретінде Бахтиер Зайнутдиновтың жетістіктерін бақылап жүргенін тілге тиек етіп, Б.Зайнутдиневке сенім білдірді. Кездесу соңында Бердібек Машбекұлы Олимпиада жеңімпаздары мен олардың бапкерлеріне мемлекеттен ғана емес, облыс әкімі атынан да арнайы сыйақы тағайындалатынын жеткізді.