Ақиық ақынды ардақтады
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев тірі болса биыл 90 жасқа толатын еді. Небәрі қырықтың бесеуінде мынау жарық дүниеден ғайып болып кете барған аяулы ақынның екінші мәңгілік жыр ғұмырының жалғасып келе жатқанына, міне, 45 жыл болды.
Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам, оған жұртым елеңдестің.
Өлсе, өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім, – деп жырлаған ақын қалың қазағының жүрегінде. Жырын қастерлеп, өлеңін пір тұтқан оқырманы тауындай тұлғалы, даласындай кең, бұлақтарындай тұнық, гүлдеріндей көркем мінезді ақынын жадынан шығарған жоқ.
Биыл ақынның 90 жылдық мерейтойы еліміздің түкпір-түкпірінде жоғары деңгейде аталып өтуде. Жамбыл облысында да ақын атын ардақтау, шығармашылығын насихаттау мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен жуырда Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Алаш жырының ақиығы — мұзбалақ Мұқағали» атты жылжымалы көрмесінің ашылуы өтті.
«Баласағұн» орталық концерт залының фоэсінде өткен көрме Алматы облысы Қарасаз ауылында орналасқан «М.Мақатаев әдеби-мемориалды музейінің» қорынан жасақталған. ҚР Тұңғыш Президенті–Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аясында өткен шараға Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев пен келіні Бақыткүл Мақатаева қатысты.
Көрмеде Мұқағали Мақатаевтың өзі қолданған жеке заттары, кітаптары, фотосуреттері және тағы да басқа мұралары онлайн форматта халық назарына ұсынылды.
Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтары аталған көрме арқылы ақынның өмірі, өскен ортасы, шығармалары замандастары, шәкірттері сынды мәліметтерден хабардар бола алады.
Жылжымалы көрме алдағы бір аптада Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде халық назарына санитарлық нормаларды сақтай отырып ұсынылатын болады.
Мұқағали өмірден өткенімен артында өлмес өлеңі қалды. Мұзарт шыңның мұзбалағы, аспантаудың ақиығы атанған сыршыл ақын Мұқағали Мақатаевтың есімі қашанда Алаш жұрты барда асқақтай беретін болады.