Мәдениет саласының майталмандары марапатталды
Биыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1 150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы. Сонымен қатар Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толып отыр. Осы айтулы даталарға орай жыл басынан бері жер-жерде ауқымды шараларды өткізу қолға алынғаны белгілі. Жалпы мерейлі мерекені елдік деңгейде атап өтуде негізгі салмақ мәдениет қызметкерлеріне түсетіні хақ.
Жалпы, елдің жанын рухани байытуда ұлтымыздың өнер көшін өрге сүйреген мәдениет майталмандарының еңбегі айрықша екені даусыз. Одавн бөлек тарихымыздың түгенделіп, өшкеніміздің жаңғыруында, ел мен мемлекеттің рухани төлқұжаты ұлттық құндылықтар мен мәңгілік маңызын жоймайтын мәдени мұралардың құнталуы да осы сала қызметкерлерінің қолымен жасалуда. Сол үшінде Елбасы, Тұңғыш Президентіміз – Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 21 мамыр мәдениет және өнер қызметкерлері күні болып белгіленген-ді. Мұндағы басты мақсат – соңғы уақытта театр, кітапхана, музей қызметкері секілді қоғамда елеусіз қалып отырған маман иелеріне лайықты құрмет көрсету. Бұл мамандықтың да маңыздылығын дәріптеу. Осыған байланысты бірнене жылдан бері мәжениет саласының қызметкерлерін құрметтеу облыста кең көлемде аталып келеді. Осы жолы да салада сүбелі еңбек етіп жүрген майталмандардың мерейін үстем етуде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тартынып қалмады. Өңірдің мәдени кеңістігінде адал ісімен абыройға кенеліп жүрген мамандармен жүздесіп, кәсіби мереке иелерін күні кеше ғана аталып өткен мерекесімен құттықтады.
– Өмірде, жалпы қоғамда қашанда мәдениет пен әдебиеттің орны бөлек. Ұлтты ұлтқа, мемлекетті мемлекетке таныстыратын, ол – мәдениет. Еліміздің Әнұранын да шарықтата асқақтатып жүрген өздеріңізсіздер. Өнер туындылары – мәңгілік мұра. Біздің бабаларымыздың туындылары ғасырлар бойы құндылығын жоймай келе жатыр. Сол сарынды адал еңбекпен жалғастырып жүрген де сіздерсіздер. Экономикада он жылға қалып кетсек, оған ары кетсе он бес жылда жетіп алуға болады. Ал рухани салада он жылға қалып кетсек, оны қалпына келтіру үшін кемінде отыз жыл кетеді. Тәуелсіздігіміздің ең негізгі тірегінің бірі ұлттық құндылықтарымыз болса, енді бірі осы мәдениеті, әдебиеті, білімі, өнері. Осыларды көздің қарашығындай сақтап, жан-жақты дамытсақ, тәуелсіздігіміз мәңгілік болады, – деді Бердібек Машбекұлы.
Осы және өзге де ұтымды ойларды тілге тиек еткен аймақ басшысы реті келгенде сала үздіктерін марапаттап, олардың ілкімді істеріне шалқар шабыт, толағай табыс тіледі.
Басқосу соңында сала мамандары өнерге, рухани жетістіктерге әрдайым қолдау білдіріп, мерекеге орай есіл еңбекті елеусіз қалдырмаған облыс басшысына алғыс айтып, ұтымды ұсыныстарымен бөлісті.