Мұқағали жыры – мәңгілік
Қазақтың сыршыл ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанын биыл 90 жыл толып отыр. Ақиық ақынның жырына деген оқырманның сүйіспеншілігі мен қоғамның шайырға деген құрметі халқы барда саябырсымайтыны анық. Жер-жерде ақын атын асқақтатып, шығармашылығын дәріптеуге арналған айтулы шаралар дүркіреп өтіп жатқаны белгілі. Сондай кештің бірі өз өңірімізде де көрініс тапты. Нақты айтқанда, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мұрындық болуымен көпшіліктің көз қуанышына айналған шара «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін» атты поэтикалық-сазды кеш ретінде ұйымдастырылды. Оған ақынның ұлы Жұлдыз Мұқағалиұлы мен келіні Бақытгүл Айдарова және облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек қатысты.
Кеш шымылдығы ақынның адам жанын баурайтын жалынды жырларымен түріліп, жұрт назарына ақынның шығармашылығы мен өмсірбаянына, сырлы естеліктерге негізделген бенекөрініс ұсынылды. Асқақ рухты ақын өлеңімен жымдасқан ақбас Алатаудың мен мұндалаған шыңдары көпшілікті өзгеше күйге бөледі.
Кеш барысында өңірдің «Күміс көмей, жезтаңдай әншілері» «Құмған алған», «Атамекен» секілді бірнеше ақын сөзіне жазылған әндерді асқақтата орындады. Сондай-ақ құлаққа жағымды қоңыр даусы бар өнер иелері М.Мвақатаевтың «Ұйықтасам түсіме ылғи тау кіреді», «Ығысыңдар, ей, таулар, ығысыңдар» монологтары оқып, көпшілікті бір сәтке толғандырып тастады.
Елбасы Н.Ә.Назарабаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындаған «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аясында жүзеге асқан іс-шара барысында Рамазан Стамғазиев, «Қоңыр» тобы, актер Әсет Иманғалиев сынды қазақ эстрадасының жұлдыздары және К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншілері, А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының актерлары өнер көрсетті. Олардың орындауында шырқалған «Есіңе мені алғайсың», «Әке», «Аңғал досым-ай», «Аңса, жаным», «Иіскейін» секілді ән көпшіліктің жүрек қылын тербетсе, ақынның махаббат туралы өлеңдер топтамасы бойынша көпшілік назарына ұсынылған арнайы қойылым да көрерменнің көңілінен шықты. Сонымен қатар Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған ақынның өз даусымен оқыған өлеңдеріне де кезек берілді. Ақын жырына сусаған көпшіліктің мейірін қандырған кеш шымылдығы «Есіңе мені алғайсың» атты әнмен жабылып, кеш қонақтары «Алаш жырының ақиығы – мұзбалақ Мұқағали» тақырыбында ұсынылған көрмені тамашалады. Жалпы бұл айтулы шараны жұртшылық әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирден де тамашалады.