Қарасу ауылына Қосы батырдың есімі берілді
Қосы батыр Сәмбетұлы қазақ-жоңғар соғысына он бес жасында қатысып, елу жыл аттан түспей, жауды жасындай жапырған, алпысында тарихта «Аңырақай» атауымен қалған қазақ-қалмақ арасындағы шайқаста ерліктің ерен үлгісін көрсеткен, мыңбасы, мәмілегер, қазаұқ елінің нағыз қорғаны болған батыр. Жалпы аталған батыр жиырма бес жасында «ақ сауыт, алмас қылышымен жауға атойлап шауып, талантты жауынгер ретінде көзге түскеннен кейін жұрт арасында хас батыр — Қосы батыр» атанып кеткен. Ұлттың тұтастығы мен жеріміздің бүтіндігі үшін күрескен қазақ халқының қаһарман перзентіне еліміз тәуелсіздік алған жылдары Қарасу ауылының кіреберісінде ескерткіш орнатылып, мешіт салынды. Есімі кіндік қаны тамған туған жеріндегі ауыл мен аудан көшелеріне берілді. Десе де кейінгі кезде баһадүр бабамыздың ұрпақтары тұратын Қарасу ауылын Қосы батыр атымен атау туралы ұлт зиялылары, айтулы мемлекет және қоғам қайраткерлері, жергілікті мәслихат депутаттары тиісті органдарға бірнеше мәрте хат жазып, арнайы қайырылған да болатын. Аталған ұсыныс Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында оң шешімін тапты.
Хас батырды ұлықтап, баба рухын асқақтатқан игі істі тарқата айтар болсақ, Қосы батыр ауылының кіреберісіне жаңа қақпа орнатылып, (арка) ол салтанатты түрде ашылды. Осылайша Байзақ ауданының Суханбаев ауылдық округіне қарасты Қарасу елді мекеніне Қосы батыр есімі берілді. Жиында «Қазселқорғау» мемлекеттік мекемесінің төрағасы Кәрім Көкірекбаев, облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек, Байзақ ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Өмірбек Бүтінбаев, «Қосы батыр» қорының төрағасы Дәулетбай Есімбеков, Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов сөз сөйлеп, жүрекжарды жылы лебіздерін білдірді. Аталған қақпаның лентасын Кәрім Насбекұлы, Дәулет Жамаубайұлы, Дәулетбай Дасырұлы қиды. Салтанатты шара барысында «Рухани жаңғыру» жобасы аясында, Қосы батыр ауылын абаттандыруға қосқан үлесі үшін бір қатар азаматтар аудан әкімінің Грамотасы және Алғыс хатымен, аудандық мәслихаттың Алғыс хатымен марапатталды. Ал, қазақ-жоңғар соғысының айтулы қаһарманы, мыңбасы Қосы батыр Сәмбетұлы бабамыздың ерліктері мен атқарған істерін насихаттау шараларына белсене қатысып, оның есімі берілген ауылға кіреберіске үлкен де айшықты қақпаның (арка) тұрғызылуына қолдау көрсеткен бірқатар атпал азаматтар «Қосы батыр» қоғамдық қорының Алғыс хаттарына ие болды. Оларға алғыс хатты аудан әкімі Бақыт Қазанбасов пен «Қосы батыр» қоғамдық қорының төрағасы Дәулетбай Есімбеков табыстады. Салтанатты шара соңы аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйі көркемөнерпаздары ұсынған концерттік бағдарламаға ұласты. Бұдан кейін Қосы батыр атындағы мешітте құрбан шалынып, құран бағышталды.