Көшет көктеуі үшін күтім керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды.
Бірқатар қордаланған проблемаларды шешуге жол ашатын жаңа Экологиялық кодекстің жобасы әзірленді. Парламенттің бұл маңызды құжатты жыл аяғына дейін қарап, қабылдауын сұраймын
Үкіметке экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруға кірісуді тапсырамын. Биологиялық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалану жөніндегі ұзақ мерзімді жоспарларды бекіткен жөн», – дей келе елдегі биологиялық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалану жөніндегі ұзақ мерзімді жоспар бекіту қажеттігін айтып, Үкіметке бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызу ісін қолға алуды міндеттеген болатын. Бүгінде Жолдау жүктеген міндет үдесінен шығу өз өңірімізде де өзекті мәселе ретінде қарастырылып отыр. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың аталған мәселеге қатысы бар мекеме және облыс әкімдігіндегі тиісті басқармалардың басшыларын жинап орман қорында және елді мекендер айналасына ағаш отырғызу, сондай-ақ дала өртінің алдын алу бойынша қауіпсіздік шараларынның сақталуы жөнінде кеңес өткізуінің мәні осы. Аталған басқосуда Бердібек Машбекұлы жыл сайын көктем және күз айларында өңірде сан мың тал-дарақ егілгенімен, оның қаншауы өніп, аншауы қурап қалатынын ешкім бақылап отырмағанын, көшеттерді күтіп-баптау, суару ісінің жүйесіздігінен шыбықтар шілдеге жетпей қурап қалатынына қынжылды.
– Әулиеата өңірінің орман қоры жалпы облыс аумағының 30,8 пайызын, ал орманды жерлер 15,47 пайызын алып жатыр. Мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4,4 миллион гектар болса, оның ішінде орман ағаштары өсіп тұрған алқап 2,3 миллион гектарды құрайды. Межеленген жоспар бойынша өңіріміздің орман қоры аумағына 140 миллион түп ағаш отырғызылуы тиіс. Бірақ біз жыл сайын күзде, көктемде жұрт болып жұмылып, ағаш көшеттерін отырғызғанымызбен, олардың қаншауы көктеп, қаншауы қурап қалатыны белгісіз. Көшеттердің көктемеуі күтімнің жоқтығынан, алқапқа арқытардың тартылмауынан, – деді аймақ басшысы.
Жиында облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Асылан Оразбеков баяндама жасап, орман қорына ағаш егу мен елді мекендерді көгалдандыру барысында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл егілуі тиіс көшеттердің дені отырғызылғанын, қалған меже күз айында орындалатынын сөз еті. Сондай-ақ басқосуда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ермек Момбаев дала өртінің алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстардың есебін берді. Жиын соңында Бердібек Машбекұлы ағаш егу, оны күтіп-баптау, сел, өрт секілді табиғи апаттардың алдын алу ісіне сақадай-сай болу жөніде тиісті салалар басшыларына арнайы тапсырмалар берді.