Аудан әкімінің есебі тыңдалды

0 651

Өткен 2020 жылы аудан көлемінде барлық салаларда атқарылған ауқымды жұмыстарға 13 млрд. 200 млн. теңге қаржы жұмсалса, биылғы жылы да осы бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табатын болады. Бұл туралы аудандық Қоғамдық кеңестің отырысында есеп берген аудан әкімі Нұржан Нұржігітов айтты.

Қоғамдық кеңес төрағасы Жұманғали Құмғанбаевтың төрағалығымен өткен кеңестің кезекті отырысында күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Алдымен Қоғамдық кеңес мүшелері алдында «Байзақ ауданының 2020 жылғы жұмыс нәтижелері туралы» аудан әкімі Нұржан Нұржігітовтің есебі тыңдалды. Нұржан Молдиярұлы ауданның өткен жылғы әлеуметтік — экономикалық даму қорытындыларымен бөлісіп, үстіміздегі жылға арналған мақсат — міндеттерді саралады. Аудан басшысы Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, пилоттық жобаның нәтижелілігі, Индустриялық – инновациялық дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы, білім беру, мәдениет салалары, бұқаралық спортты дамыту, әлеуметтік қолдау, облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асырылған «Асарлатып үй салу» жобасы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы арқылы атқарылған жұмыстарға тоқталды.

— Сіздерге айтқан негізгі төрт бағытқа аса көңіл бөліп жатырмыз. Сондықтан, Сіздерден сұранарым, ел арасында жүргенде осы мәселелерді кеңінен түсіндірсеңіздер. Аудан тұрғындарының азаматтық белсенділіктерін көтеріп, көзқарастарын өзгерту қажет, — деді Нұржан Нұржігітов.

Есепті баяндамадан соң кеңес мүшелері тарапынан көтерілген Бәйтерек ауылдық округіндегі «Ауданның 80 жылдығы» атындағы саябақтың жағдайы, Сарыкемер ауылында канализация жүйесін жүргізу, күл – қоқыс тастайтын полигонды басқа жерге ауыстыру туралы мәселелерге аудан әкімі нақты жауаптар қайтарды.

Бұдан соң, күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты 2020  жылы  аудан аумағында атқарылған жұмыс нәтижелері бойынша аудандық мәслихаттың хатшысы Бақтияр Ақбаев пен аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жұманғали Құмғанбаев қосымша баяндама жасады. Сонымен қатар, Қоғамдық кеңестің 2021 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Отырыс соңында кеңес мүшелері күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты Қазақстан Республикасы «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңы 23-бабының талабы бойынша Қарар қабылдады.

Бауыржан ЖАҚСЫМБЕТОВ,

Байзақ ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.