Төл тарихты танытқан келелі конференция
Тараз қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Атлах» шайқасына 1270 жыл толуына орай «Қазақ даласына Исламның келуі» тақырыбында халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтті.
Облыс орталығындағы іргелі оқу орны М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде өткен конференцияға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мен облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысты. Жиында сөз алған Бердібек Машбекұлы күллі Азия мен Қазақ жерінің тағдырына түбірлі өзгеріс әкелген «Атлах» шайқасының ұлт тарихындағы алар орны айрықша екенін тілге тиек етті.
Ал Бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы Атлах-Талас шайқасының 1270 жылдық атаулы күнін елдік және халықаралық деңгейде салтанатпен атап өтпеу елдігімізге, тәуелсіздігімізге үлкен сын екенін жеткізді.
– 751 жылы Талас өзені бойындағы Атлах шайқасында қытай басқыншыларына қарсы соғыста түркештерге арабтар көмек қолын созып, нәтижесінде араб-түркеш біріккен қосыны жеңіске жетті. Тарихи деректерде осы Атлах шайқасынан соң түркілердің біртіндеп Ислам дінін қабылдай бастағаны айтылады (В.Бартольд, «Туркестан в эпоху монгольского нашествия»). Демек келер 2021 жылы бабаларымыздың хақ дінді қабылдай бастағанына 1270 жыл толады. Төл тарихымызда маңызды орны бар осы күнді лайықты атап өтіп, ауқымды іс-шаралар өткізудің маңызы үлкен. Бұл тарихымызды танып, дінімізді зерделеп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін аса қажетті қадам,–деді Бас муфти.
Сондай-ақ келелі конференцияға бейнебайланыс режимі арқылы қатысқан Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Ханжон Ишматбеков, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының аппарат басшысы Равшан Эратов, Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, «Егемен Қазақстан» газетінің президенті Дархан Қыдырәлі мазмұнды баяндама жасап, тың деректерді ұсынды.
Еліміздің ертеректен мұсылмандықты ұстанып, тіпті ислам мемлекеті болғандығын жаңғыра айтып, күллі әлемге паш ету мақсатында ұйымдастырылып отырған халықаралық конференцияға әлемдік және отандық оқу орындарының профессор, докторлары, қоғам қайраткерлері, академик, ғалымдар, барлық облыстың бас имамдары қатысып, орамды ойларын, пайымды пікірлерін ортаға салды.